Қытай Қоян жылын қарсы алуда

БЕЙЖІҢ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Аспанасты елі бүгін Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл немесе Көктем мерекесін тойлай бастайды.

Ақпанның 2-сінен 3-іне қараған түні Қытай Қоян жылын қарсы алады. Бұл мерекеге орай бүкіл ел бойынша ресми 7 күн демалыс жарияланып отыр, бірақ Ай күнтізбесі бойынша жаңажылдық шаралар 15 күнге созылады және оны Шырағдандар мерекесі қорытындылайды.

Қытайда 200 миллионнан астам адам көптен күткен Көктем мерекесіне орай дүйсенбіден бастап алыс сапарларға жолға шықты. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары бұл дәстүрді «әлемдегі ең үлкен миграция» деп атайды. Қытайлықтар бұл мерекені үйлерінде туған-туыстарымен бірге қарсы алуға тырысады, сондықтан да жолдың алыс-жақындығына қарамай, үйлеріне аттанады.