Қытай Ливияға қарсы басталған әскери акцияға байланысты өкініш білдірді

БЕЙЖІҢ. 21 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай бірқатар елдердің Ливияға қатысты бастаған әскери әрекетіне байланысты өкініш білдіреді, деп мәлім етті Бейжіңде Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Цзян Юй.

Кейбір елдердің Ливияға қатысты әскери операцияларына түсіндірме беру туралы сауалға жауап берген Қытай дипломаты, Ливиядағы соңғы оқиғаларды қытай тарабының назарға алғанын жеткізді және Ливияға қарсы басталған әскери акцияларға өкініш білдірді.

Қытай тарабы халықаралық қарым-қатынастарда әскери күштің қолданылуына әрқашан наразы және БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен қағидаларын және халықаралық құқық нормаларын сақтауды, Ливияның егемендігін, тәуелсіздігін, бірлігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуді қолдайды, деді Цзян Юй ханым.

«Бейбіт халықтың арасында көп адам құрбандығына әкелуі мүмкін қарулы қақтығыстардың әрі қарай өршуіне жол бермес үшін, Ливияда жағдай тезірек тұрақтанады деп үміттенеміз», - деді Қытай сыртқы істер ведомствосының ресми өкілі.