Қытай маймыл шешегінің алдын алу және бақылау бойынша жоспар жасады

БЕЙЖІҢ. Синьхуа-ҚазАқпарат – Қытай денсаулық сақтау органдары маймыл шешегінің алдын алу және бақылау жоспарын жариялады. Бұл туралы бейсенбіде ҚХР Аурулардың алдын алу және бақылау мемлекеттік басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Жоғарыда аталған басқарма мен ҚХР Денсаулық сақтау мемлекеттік комитеті бірлесіп шығарған құжат Қытайда маймыл шешегінің таралу жағдайларына уақытылы және тиімді ден қоюды қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоспарда ауруды диагностикалау, эпидемиялық бақылау және есеп беру, сондай-ақ эпидемияға қарсы әрекет ету сияқты аспектілерге қатысты маймыл шешегінің алдын алу және бақылау ережелері көрсетілген.

Ол сондай-ақ эпидемияға жауап ретінде бүкіл елдегі денсаулық сақтау органдары мен басқа да тиісті ведомстволар арасында тиімді ынтымақтастық пен ақпарат алмасуға шақырады.

2022 жылдың қыркүйегінде Қытайда маймыл шешегінің алғашқы инфекциясы табылды.

Осы жылдың маусым айынан бастап елдің бірнеше провинциясында көптеген жағдай тіркелді, бұл жаңа жергілікті індеттер мен инфекцияның жасырын берілу қаупін тудырады.