Қытай мен Қазақстан егемендік, қауіпсіздік және аумақтық тұтастық секілді барлық маңызды мәселелер бойынша бір-бірін қолдайды

None
БЕЙЖІҢ. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжіңдегі Қытай Қорғаныс министрлігінің ғимаратында Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбековтің ҚКП Орталық әскери кеңесі төрағасының орынбасары Фань Чанлунмен кездесуі болып өтті.

Ф.Чанлун Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 20 жыл ішінде елдердің әскери байланыстары жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.

«Қытай мен Қазақстан егемендік, қауіпсіздік және аумақтық тұтастық секілді барлық маңызды мәселелер бойынша бір-бірін қолдайды. Қытай әскери байланысты дамыту ісінде Қазақстанмен бірге жемісті жұмыс жасауға дайын», - деп түйіндеді Ф.Чанлун.

Өз кезегінде Ә.Жақсыбеков ҚКП Орталық әскери кеңесі төрағасының орынбасары Фань Чанлунды Қытай Коммунистік партиясының 18-ші съезін табысты өткізумен құттықтады. Ол стратегиялық ынтымақтастықты дамыту екі елге де оң әсерін тигізіп, аймақтағы тұрақтылыққа кепілдік беріп отырғанын атап өтті. Ә.Жақсыбековтің сөзінше, Қазақстан екі мемлекет әскерлері арасындағы байланыстарды нығайтуға ниетті.

Осы күні Қазақстанның Қорғаныс министрі өзінің қытайлық әріптесі Лян Гуанлемен кездесіп, елдердің әскери саладағы стратегиялық ынтымақтастығын дамытуға жаңа серпін беру қажеттігі жөнінде пікір айтып, бірқатар ұсыныстарын алға тартты.

Ә.Жақсыбеков: «Қазақстан Қытаймен әскери-техникалық ынтымақтастыққа ерекше мән береді» деп атап өтті.

Министр ведомстволық байланыстардың ағымдағы деңгейіне жоғары баға беріп, қорғаныс ынтымақтастығының одан әрі дамуына сенім білдірді. Бұдан басқа, ҚР Қорғаныс министрлігінің делегациясы Қытайдағы әскери-өнеркәсіп кешенінің бірқатар кәсіпорындарын аралады.