Қытай мен Қазақстан көршілер ғана емес, бізді берік достық пен стратегиялық әріптестік байланыстырады - ҚХР СІМ басшысы Ян Цзечи

ЖІҢ. 19 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жақын күндерде, 21-23 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның шақыруымен көрші елге мемлекеттік сапар жасайды.

Осы сапардың қарсаңында ҚазАқпарат агенттігі тілшісінің сұрақтарына ҚХР Сыртқы істер министрі Ян Цзечи жауап қайтарды.

- Құрметті министр мырза, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға алдағы сапарының бағдарламасы туралы айтып берсеңіз. Екі көшбасшының кездесуінде қандай мәселелер талқыланбақ? Құжаттарға қол қою күтіле ме?

- Қытай Төрағасы Ху Цзиньтаоның шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы 21-23 ақпан күндері мемлекеттік сапармен Қытайда болады, бұл екі ел басшыларының ағымдағы жылғы жоғары деңгейдегі алғашқы кездесуі және қытай-қазақстан қатынастарын тереңдете дамыту үшін өте маңызды болмақ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев - қытай халқына етене таныс және құрметті ескі дос. Қытай тарапы бұл сапарға үлкен маңыз береді және қазір қабылдауға тыңғылықты әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Менің білуімше, сапар кезінде Төраға Ху Цзиньтаоның Президент Н.Назарбаевпен ресми келіссөздері, сондай-ақ Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Бангомен және Мемлекеттік Кеңес Премьері Вэнь Цзябаомен кездесулер өтеді. Басшылар арасында екіжақты қатынастарды тереңдету, іскерлік байланыстарды кеңейту, көптарапты форматтағы өзара іс-қимылдарды жандандыру, сондай-ақ ортақ мүддені білдіретін халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша байыпты пікір алысулар болады. Бірлескен саяси құжатты жариялау және екіжақты ынтымақтастық бойынша екі елдің мүдделі ведомстволары, кәсіпорындары арасында бірқатар құжаттарға қол қою күтілуде. Қытайда болған кезінде Президент Назарбаев сондай-ақ Қытай мен Қазақстанның іскер топтары өкілдерімен кездеседі, Тяньцзинь қаласына ат басын бұрады. Тараптардың бірлескен күш-жігерімен Президент сапары айтарлықтай жемісті боларына сенімдімін.

- Сіз Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы саяси қатынастардың деңгейін қалай бағалайсыз? Сіздің пікіріңізше, екі елдің саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастықтарын одан әрі дамытудың басымдықтары мен перспективалары қандай?

- Қытай мен Қазақстан - көршілер және бір-бірімен маңызды достас стратегиялық әріптестер болып табылады. Екі тараптың ортақ күш-жігерімен дипломатиялық қатынастар орнағаннан кейінгі соңғы 20 жылдың ішінде қытай-қазақстан қатынастары үздіксіз, тұрақты және дәйекті дамып келеді. Әсіресе стратегиялық әріптестік орнатылып, дамып отырған соңғы 5 жылдың ішінде екіжақты қатынастар одан да зор серпінге ие болып, бұрынғыдан да жемісті бола түсті және біздің елдеріміз бен халықтарымыз үшін елеулі пайда келтіруде.

Ең жоғары деңгейде жиі-жиі сапар алмасулар жүзеге асырылуда, екі елдің саяси өзара сенімі тереңдей түсуде, бұл екіжақты қатынастарды дамытуға және өзара тиімді ынтымақтастыққа ықыласты күшейтуде. Бұған мысалға 2009 жылдың желтоқсанынан 2010 жылдың маусым айына дейінгі жарты жылдың ішінде Төраға Ху Цзиньтао Қазақстанда екі рет болғанын, ал 2009 жылдың сәуірінде біздің елде сапарда болған Президент Назарбаев биылғы ақпанда тағы да мемлекеттік сапармен келгелі отырғанын айтсақ та жеткілікті. 2010 жылы Бүкілқытайлық Халықтық Саяси Консультативтік Кеңесінің Төрағасы Цзя Цинлинь Қазақстанда ресми және достық сапарда болды. Премьер Вэнь Цзябао ШЫҰ мүше-мемлекеттері Үкімет басшылары кеңесінің Душанбеде өткен отырысы кезінде Қазақстан Премьері К.Мәсімовпен кездесу өткізді. Ал Премьер К.Мәсімов, өз кезегінде Шанхайда ЭКСПО ашылуы салтанатына қатысты, қытай-қазақстан шекарасындағы Қорғас бақылау-өткізу бекетінде болып, оның жұмысымен танысты. Сіздің елдің Мемлекеттік хатшысы әрі сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев та Қытайда ресми сапарда болып кетті. 2008 жылғы маусымда мен де алғаш рет Қазақстанда сапарда болғаным есімде. Өткен жылы тағы да сіздің тамаша елдеріңізде сапарда болып қайттым.

Сауда-экономикалық, энергетикалық, инвестициялық, көліктік және инфрақұрылымдық салаларда екіжақты ынтымақтастық үздіксіз кеңейіп келеді. Оның нәтижелері де айтарлықтай. 2010 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 20,4 млрд. долларды құрады, бұл оның алдындағы жылға қарағанда 44,5% көп, ол екі елдің әлемдік қаржы дағдарысының келеңсіз салдарын еңсеру үдерісіне қосқан үлесі болды. Сонымен қатар тараптар БҰҰ, ШЫҰ және АӨІСШК сияқты көпжақты құрылымдарда өзара үйлесімді әрекет ете отырып, ортақ мүдделерін тиімді қорғауда, бір-біріне өзекті мәселелерде батыл қолдау көрсетуде. Осы мәселелерді айта келіп, қытай-қазақстан қатынастары жан-жақты және терең дамудың жаңа мүмкіндіктері алдында тұр деп айтуға негіз бар.

Мәдениеттері жақын және экономикалық жағынан бір-бірін толықтыратын көрші елдер бола отырып, Қытай мен Қазақстанның тереңдей түскен тату көршілік, достық және өзара тиімді ынтымақтастық үшін зор әлеуетті мүмкіндіктері мен кең перспективалары бар. Қазірдің өзінде саяси, экономикалық, гуманитарлық және басқа да салаларда екіжақты өзара іс-қимыл үшін берік негіз қаланды және ынтымақтастықты одан әрі нығайта отырып, өзара пайдаға және ортақ ұтысқа қол жеткізетін жайы бар. Бұл екі тараптың мүддесіне және екі халықтың да ортақ арман-мақсаттарына жауап береді. Бұл екі елдің өз даму жолына ғана емес, сонымен қатар аймақ пен әлемдік даму мен гүлденуді қамтамасыз етуге де пайдалы. Қытай тарабы қазақстандық тараппен бірлесе отырып, саяси өзара сенімді нығайтуға, ынтымақтастықты іс жүзінде тереңдетуге, гуманитарлық байланыстарды жандандыра түсуге, Қытай мен Қазақстанның жан-жақты стратегиялық әріптестігін тереңдете отырып, оны жаңа сатыға көтеру үшін достықтың іргетасын бекіте түсуге толығымен әзір.

- Қытай тарабы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы рөлін қалай бағалайды?

- ШЫҰ құрылуы - қазіргі заман дәуірінің халықаралық саяси өміріндегі үлкен оқиға. ШЫҰ өмір сүріп отырған 10 жылдың ішінде серпінді дамып, тамаша табыстарға жетті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қорғауда, сондай-ақ аймақтың дамуы мен гүлденуіне жәрдемдесуде елеулі рөл атқарып отыр.

Қазақстан ШЫҰ-ның жай ғана мүшесі емес, Ұйымның бастамашы да болып табылады. Президент Назарбаев - оның негізін қалаушылардың және сәулетшілерінің бірі. Президент Назарбаевтың тікелей көңіл бөлуімен және басшылығымен он жыл бойы Қазақстан ШЫҰ дамуына қомақты үлес қосты: біріншіден, басқа мүше-мемлекеттермен бірлесе отырып, Ұйым құрылымын жоспарлады және жетілдірді, бұл оның шапшаң күш-қуатқа толып, тұрақты дамуына берік база болды; екіншіден, қауіпсіздік, экономика және гуманитарлық өлшемдер саласындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге көптеген маңызды бастамалар мен ұсыныстарды енгізді және бұдан кейін ШЫҰ дамуының серпінін қамтамасыз ете отырып, оны жүзеге асыруды ілгері жылжытты; үшіншіден, Шанхай рухын белсенді насихаттады және таратты және ынтымақтастыққа негізделген «қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасын» және «дамудың жаңа тұжырымдамасын» барынша жақтап келді, Ұйымның халықаралық беделі мен ықпалын арттыруға елеулі жәрдемдесті. Қытай тарабы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамытуға қосқан зор үлесін өте-мөте жоғары бағалайды.

Биылғы жылы ШЫҰ құрылуының он жылдығы атап өтіледі. Қазақстан тарабы Астанада мерейтойлық саммит өткізеді. Бұл ШЫҰ дамуындағы тарихи кезең болмақ. Мүше-мемлекеттер бұл оқиғаға айрықша көңіл бөлуде, менің пайымдауымша, одан халықаралық ұйымдар да шет қалмайды. Президент Назарбаевтың басшылығымен, қазақстандық әріптестеріміздің күш-жігерінің арқасында және мүше-мемлекеттердің белсенді көмегімен алдағы саммит зор табыспен өтеді және біздің халықтарымыздың игілігі жолында ШЫҰ-ның жаңа онжылдықтағы дамуына жол ашады деп сенемін.

- Сіз Қытай мен Ислам Конференциясы Ұйымы арасындағы ынтымақтастық деңгейін және 2011 жылы Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы кезіндегі оның рөлін қалай бағалайсыз?

- Ислам конференциясы Ұйымы маңызды үкіметаралық ұйым ретінде ислам мемлекеттері ынтымақтастығы мен ынтымағын тереңдетуде оң рөл атқарып отыр. Соңғы жылдары Қытай мен осы Ұйым арасындағы байланыстар мен пікір алмасу жандана түсуде. Өткен жылы мамыр айында қытайлық делегация ИКҰ сыртқы істер министрлерінің 37-кеңесіне қонақ ретінде қатысты. Маусым айында Қытай СІМ шақыруымен ИКҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлы Қытайда ойдағыдай сапарда болды. Тараптар бірлескен ақпараттық мазмұндама жариялап, бірлескен күш-жігермен саяси, сауда-экономикалық және мәдени салаларда достық пен ынтымақтастықты тереңдетуге ниеттерін атап көрсетті. Желтоқсан айында Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары Чжан Цзюнь ИКҰ штаб-пәтерінде болып, Бас хатшы Ихсаноғлымен мәнді кездесу өткізді, кездесу қорытындыларымен Қытай мен ИКҰ арасында, сондай-ақ ислам мемлекеттерімен достық байланыстарға жәрдемдесуге бағытталған бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Қытай ИКҰ-ның салмақты оң рөліне зор маңыз береді, ислам мемлекеттерінің діни және мәдени ерекшеліктерін құрметтейді, тараптардың түбегейлі мүдделерін қозғайтын мәселелерде оларды қолдайды және түсіністікпен әрі құрметпен қарайды. Көптеген маңызды аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша ынтымақтастықты тиісті үйлестіріп отыру жолға қойылған. Қытай халқы ислам әлемі халықтарына әрқашан да достық сезіммен қарайды, оны жақсы дос және сенімді әріптес ретінде қарастырады. Ислам әлемімен қатынастарды үздіксіз дамыту және орнықтыру Қытай Үкіметінің бұлжымас бағыты болмақ. Қытай бейбіт қатар өмір сүрудің бес ұстанымы негізінде біздің халықтарымыздың мүддесі үшін ислам мемлекеттерімен әртүрлі салаларда достық пен ынтымақтастық қатынастарын кеңейтуге әзір.

Биылғы жылы Қазақстан ИКҰ сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етеді. Осыған байланысты қытай тарабы өзінің құттықтауын жеткізеді. Қазақстандық тарап төраға ретінде ИКҰ ауқымында ынтымақтастық пен топтасқандықты одан әрі нығайтуға маңызды үлес қосарына кәміл сенемін. Қытай тарабы қазақстандық тараппен бірлесе отырып, бұл орайдағы ынтымақтастықты күшейтуге, Қытай мен ИКҰ, сондай-ақ ислам мемлекеттерімен арадағы қатынастарды дамытуға жәрдемдесуге әзір.

- Қытайда біраз қазақстандық азаматтар тұрады. Қытай басшылығы біздің отандастарымызға зор көңіл бөліп, қамқорлық жасауда, оларға барлық жағдайларды туғызуда, сол үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.

- Қытайдағы қазақстандық азаматтар және Қазақстандағы қытай азаматтары екі ел арасындағы достықтың көпірі ретінде әлеуметтік, экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы қытай-қазақстан достық қатынастары мен ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесуге маңызды үлес қосты. Қытайлық қоғамдық қауіпсіздік органдарының мәліметтері бойынша, 2010 жылдың соңына қарай ҚХР-да тұруға рұқсаты бар және тұрақты тұрып жатқан қазақстандық азаматтардың саны 4434 адам болды, солардың ішінде шамамен 3500-і ҚХР-да оқып жатқан студенттер, ҚХР-дағы қазақстандық ұйымдардың өкілдері, компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлер және олардың туыстары. Олар негізінен Бейжіңде, Шанхайда, Шыңжан-Ұйғыр автонномиялық өлкесінде тұрады. Қытайдағы қазақстандық азаматтар түгелге дерлік қытай заңдарын сақтайды, қытай дәстүрлерін және салттарын құрметтейді, қытай халқымен бейбіт және келісімде өмір сүруде. Қытай алдағы уақытта да Қазақстанның және басқа да елдер азаматтарының заңды мүдделері мен құқықтарын қорғап, оларға қажетті жағдайлар туғызатын болады. Біз Қытайдағы қазақстандық азаматтар бұрынғыша Қытай мен Қазақстан арасындағы достық қатынастарды дамытуда оң рөл атқарады деп кәміл сенеміз.

- 2011 жылы Қазақстанда тұңғыш рет ірі спорттық оқиға - 7-қысқы Азия ойындары болды. Сіз оған қандай баға бересіз?

- Сіздерді Азия ойындарын ұйымдастырудағы табыстарыңызбен құттықтаймыз. Ия, Қазақстанда тұңғыш рет осындай ауқымды халықаралық кешенді ойындар өтті, оған сіздің Үкіметіңіз зор көңіл бөлді. Ойындар табысты және ойдағыдай өтті. Жарыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Спорттық нысандар - өте тамаша. БАҚ тарапынан зор көңіл бөлінді. Ұйымдастыру комитеті мен волонтерлердің жұмысына әртүрлі елдер мен аймақтардан жарыстар қатысушылары жоғары баға берді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандық спорт делегациясының Ойындардағы зор табысымен - медальдар саны бойынша бірінші орынды жеңіп алуымен құттықтағым келеді.

Сіздерде Азия ойындары өтіп жатқан кезде, бізде - Қытайда Ай күнтізбесі бойынша дәстүрлі көктем мерекесі болып жатты. Қазақстанда қытайлық спорт делегациясына жылы жүзді достық қабылдау көрсетілгені үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!