- Ц. Цинлинь мырза, Қазақстанға жасайтын сапарыңыздың бағдарламасы туралы айтып берсеңіз. Біздің мемлекеттің басшылығымен болатын кездесулерде қандай мәселелер талқыланбақ?
- ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың шақыруымен мен осы жылғы 9-11 қараша аралығында Қазақстанға ресми сапар жасаймын. Бұл менің, жалпы Қытай Халықтық саяси консультативті кеңесі төрағасының Қазақстанға жасайтын алғашқы сапары болмақ. Сапар кезінде Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановпен келіссөздер, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, Парламенттің және Қазақстан Үкіметінің жетекшілерімен кездесулер жоспарланып отыр. Келіссөздер мен кездесулер барысында біздер тату көршілік пен достықты нығайту, екі елдің өзара саяси сенімін тереңдету, сонымен қатар барлық бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты күшейту жөнінде пікір алмасатын боламыз. Екі елді де қызықтыратын күн тәртібінде тұрған халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер талқыланатын болады. Менің білуімше, бүгінгі таңда екі елдің тиісті ведомстволарының қатысуымен сапарға қызу дайындық жүріп жатыр.
Бүгінде Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқандығын, халықтарымыздың достығы нығайып, барлық бағыттар бойынша екі жақты ынтымақтастық артып отырғандығын атап өткім келеді. Бұл ретте менің Қазақстанға жасайтын сапарым, ең алдымен, біздің дәстүрлі достығымыз бен өзара байланысымыздың нығаюына, іс жүзіндегі ынтымақтастығымыздың тереңдеуіне және екі елдің бірлесе дамуына ықпал етеді деп сенемін. Сіздер мен біздердің ортақ күш-жігеріміздің арқасында алдағы сапар стратегиялық әріптес болып табылатын Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасының дамуына сүбелі үлес қосады деп үміттенемін.
-Сіз Қазақтан мен Қытайдың екіжақты қарым-қатынастың қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз және жан-жақты ынтымақтастығының келешегі қандай?
- Қытай мен Қазақстан ежелден достық қарым-қатынас орнатқан тату көршілер болып табылады. Бүкіл Еуразия құрлығы арқылы өткен Ұлы Жібек жолы шығыс пен батыс өркениетін байланыстырды, сондай-ақ ол Қытай мен Қазақстанды да тығыз біріктіріп жатты. Екі ел арасында 1992 жылы орнатылған дипломатиялық байланыстар біздердің достық қарым-қатынасымыздың тарихындағы жаңа кезең болды. Ал 2005 жылы ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао мен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасында стратегиялық әріптестік қалыптасқанын жариялады, бұл өзара қарым-қатынасымыздың дамудың жаңа сатысына көтерілгенінің белгісі болды.
Соңғы жылдары екі елдің бірдей күш-жігер жұмсауының арқасында Қытай мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігі барлық салаларда тереңдеп келеді. Әртүрлі салаларда жемісті ынтымақтастық жолға қойылған, жоғары деңгейде байланыстар айтарлықтай белсенді. Өзара саяси сенім нығайып келеді. Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстанға 6 рет келді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға сапармен немесе халықаралық форумдарға қатысу үшін 16 рет ат басын бұрды. Екі ел біздердің ортақ мүдделерімізді қорғау үшін әрқайсымыздың алаңдаушылығымызды тудырып отырған өзекті мәселелерде бірін-бірі қолдайды.
Экономика саласындағы байланыстар жайлы айтатын болсам, халықаралық қаржы дағдарысының екі жақты ынтымақтастыққа тигізетін кері әсерімен бірлесе күресудеміз, сауда-экономика және энергетика салаларындағы, шикізаттық сектор мен инфрақұрылымдық құрылыстағы ынтымақтастығымызды белсендірудеміз. Екі жақты ынтымақтастықтың материалдық базасы да айтарлықтай нығайды.
Қытайдың Бас кеден басқармасының деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қытай мен Қазақстанның өзара сауда-саттығы 14,7 млрд. АҚШ долларына жетті және өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 51,8 пайызға өсті. Қытай-Қазақстан мұнай-газ құбырының құрылысы аяқталып, сәтті жұмыс істеуде. Павлодар алюминий зауыты, Мойнақ ГЭС-і мен асфальт зауыты сияқты бірлескен ірі жобалар жүзеге асырылуда.
Гуманитарлық салаға тоқталар болсақ, мәдениет министрліктерінің желісі бойынша шығармашылық ұжымдардың тәжірибе алмасулары және ауқымды өнер көрмелері үнемі ұйымдастырылып тұрады. Біз қазақ студенттерінің Қытайда білім алуы үшін квота санын жылына 200 адамға дейін ұлғайттық. Жан-жақты форматтағы, атап айтқанда БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясындағы ынтымақтастығымыз жемісті болуда. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы бүгінгі таңда өз дамуындағы биік белеске шықты, халықтарымызға анық пайдасын тигізіп, аймақтағы бейбітшілікке, тұрақтылыққа және дамуға үлес қосуда деп айтуға болады.
Қытай мен Қазақстан стратегиялық әріптестер және дамушы ірі мемлекеттер болып табылады. Біздердің өзара қарым-қатынасымыз тығыз саяси байланыстармен, экономикаларымыздың бірін-бірі толықтыратынымен және жан-жақты ынтымақтастықтың келешегінің кемелдігімен сипатталады. Біз Қазақстан тарапымен өзара сенім, өзара пайда және бірлесіп даму тұрғысында әртүрлі деңгейдегі ынтымақтастықты қарқындатуға, қазақстандық-қытайлық стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетіп, дамытуға дайынбыз.
- Қытай көп ұлтты мемлекет. Қазақтар - Қытайда өмір сүріп жатқан 56 ұлттың бірі. Реті келіп тұрғанда Қытай қазақтарының қазіргі өмірі мен дамуы жайлы айта кетсеңіз.
- Шынында да қазақтар - Қытайдың көпұлтты үлкен отбасына кіреді. Қытайдағы қазақ ұлты негізінен Шыңжан-Ұйғыр автономиялық өлкесінде қоныстанған. Елде саяси реформалар жүзеге асырыла бастағаннан бері және Қытай қазақтары тығыз қоныстанған аудандардың сыртқа ашықтығынан әлеуметтік-экономикалық дамуда жаңа прогресс байқалады. Барлық ұлттардың бірлігі нығайып келеді. Бір сөзбен айтқанда, аудандар теңдіктің, бірігудің, өзара көмек көрсетудің, үйлесімділіктің, бірлесіп даму мен өркендеудің жаңа кезеңіне аяқ басуда.
Шыңжан-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Іле-Қазақ автономдық облысы Қытай қазақтары көптеп шоғырланған негізгі аудан. 2009 жылы облыстың ІЖӨ 75,4 млрд. юаньді құрады, сөйтіп 2008 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артты. Облыстық ІЖӨ жан басына шаққанда - 16 653 юань, ол өткен жылдың көрсеткішінен 11,9 пайызға артық. Облыста Шыңжаңдағы ең ірі жайылымдар орналасқан, оның аумағы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі барлық жайылымның 42 пайызын құрайды. Қазақ малшыларының көбі тұрақты және жартылай тұрақты негізде отырықшылыққа көшкен.
Олардың өмір және жұмыс жағдайы елеулі жақсартылып, табыстары айтарлықтай өсті. Мал бағатын қазақтар тұратын ауданда 9 жылдық міндетті білім алу жүйесі қалыптасты және өзінің білім беру жүйесі пайда болды. Білім берудің дамуына қарай жергілікті халықтың сауаттылық деңгейі айтарлықтай көтеріліп келеді.
Шыңжанда да, ел аумағында да қазақ тілінде газеттер мен журналдар шығарылады. Қытайдың орталық радиосында қазақ тілінде арнайы арна жұмыс істейді. Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысы мен ҚХСКК-нің жыл сайынғы сессияларында 5 ұлттың тілінде, соның ішінде қазақ тілінде де ілеспе аударма жасалады. ҚХР-дің көпұлтты үлкен отбасы мүшелерінің бірі ретінде Қытай қазақтары өзінің еңбекқорлығы мен дарынының арқасында Қытайдың өзге де ұлттарме бірлесе дамып, өсіп-өркендеп келеді.
- Шанхай ЭКСПО-сы табысты өтіп, бүкіл әлемнің назарын өзіне аудара алды, оған Қазақстан да қатысты. Сіз Қазақстанның көрмеге қатысуын қалай бағалайсыз?
- Әлемдік көрме - «ЭКСПО Шанхай-2010» үстіміздегі жылдың 1 мамыры мен 31 қазаны аралығында табысты өткізілді, оған 246 мемлекет пен халықаралық ұйым қатысты. Соңғы мәліметтер бойынша көрмені 70 млн. астам адам тамашалады. ЭКСПО-ның «Үздік қала, үздік өмір» деген басты ұраны арқылы көрмеге қатысушылардың барлығы өз елінің мәдени, экономикалық, ғылыми-техникалық жетістіктерін паш етті және даму тұжырымдамасын көрсетті. Бұл ұлтаралық және өңіраралық экономикалық және мәдени алмасуларға жәрдемдесуге ықпал етті, сондай-ақ әлемнің барлық халықтарының өзара түсіністігі мен достығын нығайтуға көмектесті. Барлық қатысушылардың ұйысқан күш-жігерлерінің арқасында Шанхай ЭКСПО-сы «табысты, тамаша әрі естен кетпейтін» көрме болды.
Қазақстан павильонында виртуалды бейнелеу сияқты озық технологиялардың көмегімен Қазақстанның елордасы - Астана қаласының қарыштап дамуы, жергілікті халықтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері көрсетілді. «Астана - Еуразияның жүрегі» деп аталатын қазақстандық павильонның жұмысы келушілердің көпшілігінің назарын өзіне аударды және Көрмедегі халықты ең көп жинаған павильондардың бірі болды.
Қазақстанның осы көрмеге қатысуы әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға сіздердің елмен танысып, оны ұғып-білуге бірегей мүмкіндік беріп қана қоймай, Қазақстан халқы мен әлемнің барлық елдерінің халықтары арасындағы өзара байланыстарды нығайтуға және тәжірибе алмасуға көмегін тигізді. Біз Қазақстанды Шанхай ЭКСПО көрмесіндегі қол жеткізген табыстарымен құттықтаймыз, сондай-ақ осы көрмені өткізуге көрсеткен қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтамыз!
- 2011 жылы Қазақстанда 7-нші Қысқы Азия ойындары өтеді. Бұған қандай түсініктеме бересіз және ойындардан не күтесіз?
- 2011 жылы Қазақстанда қысқы спорт түрлерінен ауқымы жағынан аса ірі және деңгейі жоғары аламан жарыс өткізілгелі отыр. Бұл жолы Қысқы Азия ойындары тұңғыш рет Орталық Азия өңірінде өткізіледі және Қазақстан оны бірінші болып ұйымдастыруда. Бұл тек Қазақстан халқы үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия мен жалпы Азия үшін де үлкен оқиға. Ол Қазақстанның табыстарына деген азиялық елдер мен халықтардың құрметін білдіреді және Қазақстан халқының сыртқы әлеммен байланыстарды белсенді дамыту ниетін көрсетеді.
Қазақстанның тату көршісі, жақсы досы әрі сенімді әріптесі ретінде біз Сіздер үшін шын көңілмен қуанамыз және Қазақстанның кеңпейілді қонақжай халқы осы ойындарды жоғары деңгейде өткізіп, азиялық халықтардың достығын одан әрі нығайтатынына кәміл сенімдіміз.
Алдағы Қысқы Азиадада Қытай құрамасы бенди, шаңғы жарысы және шаңғымен тауда сырғанаудан басқа спорттың барлық түрлерінен сайысқа түсетін болады. Біз қытайлық спортшылардың мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, ең жақсы көрсеткіштерге қол жеткізетініне сенеміз. Қазақстан - қысқы спорт түрлерінен Азиядағы ең мықты елдердің бірі. Біз шын жүректен қазақстандық спортшыларға алдағы 2011 жылғы Қысқы Азиадада толағай табыстар тілейміз!
- ҚХСКК-нің ҚР Парламентінің партиялық фракцияларымен және Қазақстан халқы Ассамблеясымен қарым-қатынасы қандай?
- ҚХСКК Қазақстан Парламентімен, әсіресе Сенатпен тығыз байланыс орнатқан. Мысал келтіре кетейін: 2004 жылдың желтоқсанында ҚХСКК-нің шақыруымен Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Н.Әбіқаев мырза Қытайға сапармен келді. Сапар барысында мен онымен кездестім. 2005 жылдың ақпанында Қытайдың Көктем мерекесіне орай, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы ҚХСКК төрағасына құттықтау хат жолдады. 2005 жылдың қазанында Қазақстан Парламенті Сенатының шақыруымен ҚХСКК делегациясының сіздердің елге ресми сапармен барды. Делегация құрамында төрағаның орынбасары Бай Личэнь бастаған 10 адам болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстандағы ұлттық ынтымаққақолдау көрсету мақсатында құрылған ресми ұйым болып табылады. Ынтымақпен келісімнің ұйымы ретінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесіне ұқсас. Біз келешекте де Қазақстандағы барлық партиялық фрациялармен және Қазақстан халқы Ассамблеясымен тәжірибе алмасу мақсатында байланыстарымызды нығайтуға дайынбыз.
- ҚХСКК әлеуметтік демократияны дамытуда Қытайдың саяси өмірінде қандай шараларды қабылдап жатыр?
- Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі біртұтас ұлттық патриоттық фронттың ұйымы, сонымен қатар Қытай коммунистік партиясының басшылығымен көппартиялы ынтымақтастықтың және саяси консультациялардың маңызды мекемесі болып табылады. Қытайдың саяси өміріндегі әлеуметтік демократияны дамытуда маңызды орын алатын ұйым ретінде ҚХСКК саяси консультациялар мен демократиялық қадағалауды жүзеге асыру арқылы өз рөлін атқарып, саяси істерге араласып, кеңестер береді. Мынадай бағыттар бойынша нақты міндеттер қабылдануда.
1.Саяси консультациялар. Қытайдың коммунистік партиясы шешім қабылдау кезінде және оны орындау барысында демократиялық партиялармен, партияда жоқ қайраткерлермен және ҚХСКК-ге қатысатын барлық ұлттардың және әлеуметтік топтардың өкілдерімен саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік өмірде бар басты мемлекеттік және өңірлік саясат туралы әрі маңызды мәселелер жөнінде консультациялар жүргізеді.Консультациялар отырыстар түрінде өткізіледі, оның ішіне жалпы отырыстар, тұрақты мүшелердің отырысы, президиум отырысы, қандай да бір арнайы мәселелер бойынша тұрақты мүшелердің симпозиумы, партиялық комитетің тапсырмасы бойынша ҚХСКК басшылығының партиялық тобының отырыстары, Бас хатшыдағы мәжілістер, салалық комиссиялардың отырыстары бар.
2. Демократиялық қадағалау. ҚХСКК-ға қатысатын партиялық ұйымдар мен түрлі ұлттық және әлеуметтік топтардың қайраткерлері ҚХСКК алаңында Конституцияның, заңнаманың және нормативтік-құқықтық актілердің орындалуына, үкіметтік органдар мен олардың мүшелерінің қызметтеріне қадағалау жасайды.Қытай компартиясы ҚХСКК-да демократиялық партиялармен және партияда жоқ қайраткерлермен бірлесіп өзара бақылауды инспекциялық сапарлардың нәтижелері бойынша жиналыстарда әшкере ету және баяндама жасау; жобаны, ұсынысты немесе баяндаманы енгізу формасында сындарлы ескертулер мен ұсынымдар беру; әлеуметтік ахуал мен қоғамдық пікірді қалыптастыру; партиялық комитеттер мен тиісті үкіметтік ведомстволар ұйымдастыратын тексерулер мен зерттеулерге қатысу; сот және үкіметтік емес органдарда арнайы инспекторлардың лауазымын иеленуге ҚХСКК мүшелерін шақыру арқылы жүзеге асырады.
3. Саяси істерге араласу және ұсыныстар енгізу. ҚХСКК мәселені тыңғылықты әрі терең зерттеп, талдау жасау үшін кешенді және перспективалы мәселелерді таңдайды, ұсыныстар мен ескертулер, кеңестер мен дәлелдемелер береді. Жұмыс сапары, тақырыптық зерттеулер, ұсыныстар енгізу, әлеуметтік жағдайға және жұртшылықтың пікіріне сараптама жасау, конференцияларда сөз сөйлеу және басқа да формалар тәжірибе ретінде қолданылып жүр.
- Сұхбатыңызға рахмет!