Қытай мен Үндістан сүт өнімдерін тұтыну мөлшері жағынан көш басында - М.Раков

АЛМАТЫ. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Экономикалық даму және демографиялық өзгерістер дамыған мемлекеттер мен дамушы елдерде сұйық сүт өнімдеріне деген сұраныстың артуына ықпал етіп отыр,

деп мәлімдеді «Тетра Пак Орталық Азия» компаниясының шаруашылық және экология жөніндегі менеджері Максим Раков Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Оның айтуынша, Қытай мен Үндістан сүт тұтыну мөлшері жағынан көш бастап тұр. «Оларда сүт пен сұйық сүт өнімдеріне деген сұраныс артуда. Бұл осы онжылдық соңына қарай әлемдік сүт тұтыну деңгейінің үштен бірінен астамы осы екі елдің еншісіне тиеді деген сөз. Ал, сүт өнімдерін бір кісідей тұтынатын Азия-Тынық мұхит аймағының қарқыны алдағы уақытта артпаса бәсеңдемейді»,-дейді М.Раков.

Сонымен қатар ол Үндістан мен өзге де Азия мемлекеттері экономикасының артуына байланысты халық құйып сатылатын сүттен орамдағы сүтке ауысады деген пайымдауын жеткізді. Өткен жылы дамушы елдерде ішетін сүттің 51 пайызға жуығы орамсыз сатылған. Ал бұл көрсеткіш алдағы үш жылда 55%-ға, 2020 жылы 70%-ға жетеді деп болжануда.