Қытай парламенті үкіметті реформалау жобасын мақұлдады
ҚХР Мемлекеттік кеңесі (жоғары атқарушы орган) реформасының жобасы Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысы (ХӨБКЖ, жоғары заңнамалық орган) депутаттарының қарауына жексенбі, 10 наурыз күні ұсынылды.
Мақұлданған жобаға сәйкес, Мемлекеттік кеңес жанындағы министрліктер саны 27-ден 25-ке дейін қысқарады. Реформа темір жол министрлігін жоюды және оның қызметтерін Көлік министрлігіне тапсыруды көздейді. Бұдан басқа, Қытайдың басты теміржол компаниясы құрылады.
Қытайдың Денсаулық сақтау министрлігі және баланы жоспар бойынша туу мемлекеттік комитеті денсаулық сақтау істері және баланы жоспар бойынша туу істері жөніндегі бірыңғай мемлекеттік комитетке біріктіріледі.
Азық-түлік және дәрілік құралдарды бақылаудың мемлекеттік басқармасының дәрежесі министрлік мәртебесіне дейін арттырылады
Реформаға сәйкес теңіз істері жөніндегі мемлекеттік басқарма қайта құрылымдалады және Энергетика жөніндегі мемлекеттік басқарма реформаланады. Бұдан басқа, екі ведомствоны біріктіру есебімен баспасөз, баспа, радио хабар тарату, кинематография және теледидар істері жөніндегі жаңа басты мемлекеттік басқарма құрылады.
Естеріңізге сала кетейік, Бейжіңде қытайлық парламенттің жыл сайынғы сессиясы өтуде, ол 17 наурызда аяқталады. Сессияның барысында ҚХР үкіметінің жаңа құрамы жасақталады.