Қытай ШЫҰ дамуына зор еңбек сіңіргені үшін Қазақстанды жоғары бағалайды - Си Цзиньпин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына 10 млн юань бөледі. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұйымның іс басындағы тұрақты екі органының қызметін жоғары бағалай келе қытай тарабы ШЫҰ хатшылығына қосымша 10 млн юань бөлу туралы шешім қабылдады. Қытай төраға ретінде ұйымның дамуына зор күш-жігер мен еңбек сіңіргені үшін Қазақстанды жоғары бағалайды. Қытай ШЫҰ төрағалығын қабылдайды және 2018 жылдың маусымында кезекті саммитін ұйымдастырады», - деді Си Цзиньпин.

Сонымен қатар ол Қытайдың ұйым қатарына Үндістан мен Пәкістанның қосылуын қолдайтындығын және ШЫҰ аясындағы ынтымақтастыққа дайын екендігін атап өтті. Сонымен қатар ҚХР Төрағасы ұзақмерзімді тату көршілік және достық ынтымақтастық туралы шарттың ережелерін жүзеге асыру бойынша бес жылдық кезеңге арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет деген ұсынысын білдірді.

«Біз ШЫҰ-ның сауданы жеңілдету процедуралары туралы келісіміне қол қоюды бастай алар едік. Халықаралық автомобиль тасымалы үшін жайлы жағдай жасау туралы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Үкіметтері арасындағы келісімде қарастырылған трансшекаралық бағдарлардың белгіленген уақытта ашылуын жақтаймыз», - деді Си Цзиньпин.