«Қытай спутнигінің Қазақстанға құлауы мүмкін бе?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 5 қыркүйек, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың теріскей өңірлерге жұмыс сапары кеше Солтүстік Қазақстан облысында жалғасып, онда агроқұрылым жетекшілерімен агроөнеркәсіп саласын жаңғырту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде салиқалы әңгімелер қозғалды. Елбасының Солтүстік Қазақстан облысына сапары жайындағы мақала « Егемен Қазақстан » газетінің бүгінгі санында « Ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау жалғасады » деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, сапар барысында Мемлекет басшысы мал шаруашылығы саласын дамытудың қажеттігіне назар аударды. «Егін егіп, жинап алған оңай, бірақ біз бір тонна ет өндіру бір тонна астық өндіруден бес есе тиімді екенін де ойлауға тиіспіз. Бұл қысы-жазы жұмыс істейтін ауыл еңбеккерінің жұмыспен қамтылуы мен табысының өсуіне ықпал етеді», - деді Қазақстан Президенті.

«Әлемдегі мұнайлы елдердің алдыңғы легінде жүрген Қазақстанда неге бензин тапшылығы орын алып отыр? Елде мұндай жағдайдың туындауына кінәлі кім? Барды ұқсата алмай отырған ведомство басшылары ма, әлде Энергетика министрі Владимор Школьник айтқандай, үнемсіздіктің салдары ма? Осы сияқты сан сұрақ қазіргі қоғамды толқытып тұр. Себебі, бензинмен қатар, тұрмысқа қажетті басқа тауарлардың бағасы да біртіндеп көтеріле бастады», - деп жазады « Егемен Қазақстан » газеті жұма күнгі санындағы « Жанармай » деген тақырыппен берілген мақаласында. Басылымның жазуынша, Қазақстанда мұнай өнімдерінің тапшылығын бұрынғы мүдделi министрліктер мен ведомстволар, операторлар мұнай өнiмдерi ресурстарын иеленгендермен бірлесіп, қолдан жасап отырғандай әсер қалдырады. Бұл туралы таяуда «Қазақстанның отын қауымдастығы-1» қоғамдық ұйымының заңгері Жақсылық Жанқалов айтқан. «2014 жылдың қаңтарынан бастап бөлінген АИ-92 бензині ай сайын 10 пайызға азайғандығы байқалады. Бөлінетін көлемнің азаюы мәселенің бір жағы ғана. Оның басқа жағы - ол операторлардың, мұнай өнiмдерi ресурстарын иеленгендердің өз міндеттемелерін орындамауынан туындауда. Сөзді төтесінен айтсақ, олар бөлінген көлемдегі бензинді беруден бас тартып отыр», - дедi заңгер.

***

«Қытайдың Жер бетін қашықтықтан бақылайтын радиолокациялық YAOGAN спутнигі Ресей мен Қазақстан шекарасындағы Каспий теңізінің солтүстік тұсында атмосфераның тығыз қабатына кірді деп хабарлады америкалық Ғарыш кеңістігін бақылау жүйесі. Қытай YAOGAN 5 барлау спутнигінің сынықтары Жер бетіне түсуі мүмкін деген болжам бар», - деп жазады « Айқын » газеті. Басылымның жазуынша, ДЗЗ YAOGAN 5 қытай спутнигі 2008 жылдың 15 желтоқсанында ұшырылған. Ол полярлық орбитаға жақын жерде 97 градустық ауытқумен жұмыс істеген. Ғарыш кеңістігін бақылау жүйесінің мәліметтерінше, NORAD солтүстікамерикалық құрлықтағы зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің каталогы бойынша 33456 деп белгіленген, 2008-064А деген халықаралық нөмірлі спутник баллистикалық қызметін қыркүйектің 3 күні тоқтатыпты. Содан бері спутник тартылыс күшімен Жер бетіне қарай құлап келеді. Оның атмосферадағы үйкеліс күшінен жанып үлгермеген кейбір бөліктері Жер бетіне дейін жетуі мүмкін деген болжамдарын айтады сарапшылар. Оның нәтижесі бүгін белгілі болады. «Жердің жасанды серіктері адамзатқа қаншалықты пайда әкеліп жатқанын кім білсін, алайда, жиі болатын апаттар орасан зор экономикалық шығындар мен экологиялық зияндар келтіруде. Құлаған зымырантасығыштардың қоршаған ортаға келтіретін залалын ең алдымен қазақ жері көріп жатыр», - деп жазады басылым. Мақала « Қытай спутнигінің Қазақстанға құлауы мүмкін бе? » деген тақырыппен берілген.

Азаттықтың арайлы шуағына бөленген Арқаның алтын алқасы - Қарқаралы иісі қазақ ұлысының ірі тарихи және мәдени орталығы. Сол Қарқаралыға биыл - 190 жыл! Ағаш уықты, киіз туырлықты қазақ баласының қара шаңырағы - Қарқаралының іргетасы 1824 жылы қаланған еді. Содан бері екі ғасырдай уақыт өтті. Талай дәуірдің дүлей дауылдарына төтеп берген мәрт мінезді Қарқаралы халқының шежіресі ғасырлар тақтасына алтын әріптермен жазылып қалды. Осы мерейтой қарсаңында « Айқын » газеті Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтовты сұхбатқа тартқан. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген аудан басшысы «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп данышпан Абай өсиет қылғанындай, ынтымағымыз жарасса іргеміз бүтін, табысымыз толағай, жүзіміз жарқын, мерейіміз үстем, көңіліміз жайдары болмақ. «Тойсаң тоба қыл» дейді дана халқымыз. Қазір шүкір, әл-ауқатымыз жақсарды. Тұрмыс түзелді. Ел еңсесі көтерілді. Табысымыз молайып, дастарқанымызға береке үйірілді. Мұның бәрі мемлекетіміздің нақты қамқорлығының арқасы, Елбасымыздың сұңғыла саясатының жемісі. «Атқарылған іс аз емес, бірге жалғастырайық!» деген Президентіміздің парасатты пікірі баршамызды жұмыла жұмыс істеуге меңзеп тұр», - дейді. Сұхбат « Айқынның » жұма күнгі нөмірінде « Арқаның алтын алқасы » деген тақырыппен жария етілген.