Қытай тарапынан Қазақстанның еті мен бидайына қызығушылық жоғары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Чженчжоу қаласында (Хэнань провинциясы) Қант, шарап және азық-түліктің халықаралық көрмесі өтті. Оған «Қазақстан-Қытай саудасына жәрдемдесу қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған форум тамақ өнеркәсібін дамытудың халықаралық процесін жеделдетуге, халықаралық тәжірибелер алмасуға, сондай-ақ азық-түлік өнеркәсібін дамыту үшін жаңа платформалар құруға бағытталған.

Халықаралық көрмеге әлемнің және Қытайдың 16 аймағынан сауда департаменттері, бизнес-қауымдастықтар, азық-түлік импорты және экспортымен айналысатын агенттіктер қатысты. Шара аясында мамандар азық-түлік саласындағы мүмкіндіктер туралы пікір алмасып, басымдық берілетін жобалардың таныстырылымы өткен. Хэнань провинциясының тамақ өнеркәсібімен экономикалық және сауда ынтымақтастығы мәселелері де талқыланды.

Бұдан бөлек, халықаралық шара аясында «Қазақстан-Қытай саудасына жәрдемдесу қауымдастығы» мен Хэнань провинциясы халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

«Меморандум аясында Қытай тарапы қазақстандық ет пен бидай өнімдерін сатып алуға қызығушылық танытып отыр. Мен біздің әріптестерімізді бүгінгі күні Қазақстан Үкіметі тарапынан бірқатар хаттамаларға қол қою бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатқандығынан хабардар еттім. Бұл шара негізінен Қытайға өнімдерімізді экспорттау мүмкіндігін ашатын болады», - деді «Қазақстан-Қытай саудасынаа жәрдемдесу қауымдастығының атқарушы директоры Батырбек Аубакиров.

Оның айтуынша, тараптар жоғары технологиялық және аграрлық өнімдердің экспорты және импорты бойынша сұраныстар туралы ақпараттар алмасуға уағдаласқан.

Еске сала кетсек, мұндай халықаралық көрме 2017 жылы өткен болатын. Онда әлемнің 20-дан астам елінен, Гонконг, Макао, Тайвань муниципалитеттері, автономдық аудандарынан, 30-дан астам провинциаядан 2000-нан астам компания қатысқан болатын. Халықаралық көрме аясындағы келісімдер сомасы шамамен 3 млрд. юаньнан асқан.