Мәселені шешу үшін өткен жылы билік «Бір отбасы - бір бала» саясатын жеңілдетті. Бірақ келешекте саны арта беретін зейнеткерлердің зейнетақысы қалай болмақ? Қытай үкіметі осыған байланысты зейнеткерлікке шығу жасын біртіндеп өсіру мәселесін қарауда. Бүгінде бұл елде әйелдер 50, ер адамдар 55 жасында зейнетке шығады. 2030 жылға қарай әрбір төртінші қытай 60-қа толады екен.
Бірақ әзірге нақты қай жаста бейнеттің зейнетін көру бұйыратыны белгісіз. Билік нақты шешімін жариялаған жоқ. Сарапшылардың айтуынша, Қытайдағы қарттардың көбеюіне «Бір отбасы - бір бала» саясаты әсер етті. Бұл ел бүгінде тез дамып келеді, есесіне тез қартайып барады.
Былтыр Бейжің билігі осы мәселенің алдын алу үшін «Бір бала - бір отбасы» саясатын жұмсартты. Егер ерлі-зайыптылардың біреуі отбасында жалғыз өссе, тағы бір сәби сүюге рұхсат берді. Салдарынан жаңа туған нәрестелердің саны өсті. Үкіметке екінші бала сүйгісі келген 1 миллионнан астам отбасынан өтініш түскен. «Бірақ бұл көрсеткіш тым аз, біз күткендей нәтиже берген жоқ», - дейді сарапшылар. Өйткені жастар тым жұмысбасты болып кеткен. Осылайша, Қытай үкіметінің бала туу санын шектеу саясаты бір мәселені шешкенмен, үлкен түйткілге жол ашты. Ұлттың қартаюы биліктің бас ауруына айналды, деп жазады 24.kz.