Қытай вакцинасы қаншалықты тиімді – ғалым пікірі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биология ғылымдарының кандидаты, Ұлттық биотехнология орталығының генетикалық инженерия зертханасының меңгерушісі Александр Шустов коронавирусқа қарсы қытайлық вакцинаның және халықты вакциналаудың тиімділігі туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Қытайлық Sinovac вакцинасының коронавирусқа қарсы тиімділігін қалай бағалар едіңіз ?

- Sinovac («Синовак») – Қытайда жасалған және классикалық технология бойынша шығарылатын екі вакцинаның бірі. Бұл «өлтірілген» немесе белсенді емес вакцина. Қазір әлемде өнеркәсіптік түрде төрт белсенді емес вакцина шығарылады, оларды толық қолдануға болады. Екеуі қытайлық – «Синовак» және «Синофарм», бір вакцина – Үндістанда және біреуі – Қазақстанда өндіріледі. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ базасында QazVac вакцинасы әзірленеді. Бұл вакциналардың барлығы тиімділігі жағынан шамалас. Белсенді емес вакциналар шамамен 80% қорғауды қамтамасыз етеді. Яғни, вакциналанған топта ауруханаға жатқызу 80%-ға төмендегенін білдіреді. Барлық белсенді емес вакциналардың арасындағы танымалы – «Синовак», оны әлемдегі ең көп адам салдырған. «Синовак» әлемнің 25 елінде, тұтас Оңтүстік-Шығыс Азияда, Латын Америкасының көп бөлігінде, сонымен қатар Түркияда, Албания мен Украинада қолдануға рұқсат етілген. Бұл вакцина әр түрлі клиникалық сынақтардан өткен және оның сипаттамалары толық зерттелген.

- Қытайлық вакцинаның артықшылығы неде және оның жанама әсерлері бар ма?

- Вакцинаның артықшылығы – жақсы зерттелгенінде. Қазірдің өзінде 300 миллион адам «Синовак» салдырған. Көптеген клиникалық сынақтар жүргізілді және оның сипаттамасы туралы сеніммен айтуға болады.

Жанама әсер кез келген вакцинадан болуы мүмкін. Мұндағы мәселе жанама әсердің қаншалықты күшті болатынында. Реакцияларды жергілікті және жүйелік деп қарастыруға болады. Жергілікті әсерлер – егу орнындағы қызару, ауырсыну және адамның өмірі мен жұмысына қауіп төндірмейтін басқа да реакциялар. «Синовакты» қолданған кездегі жергілікті әсерлер 30-40% құрайды. Олар уақытша болғандықтан, вакцинаны толық қауіпсіз деп айтуға болады.

- Вакцинаны қолдану арқылы коронавирусты жеңуге бола ма?

- Әлемдегі өлім-жітімнің азаюы үшін, қауіпті ауру айналасындағы жаппай дүрлігу аяқталып, адамдар қалыпты жағдайға оралуы үшін және денсаулық сақтау жүйесі мен басқа институттар қалыпты жұмыс істеуі үшін – иә, бұған вакцинация арқылы қол жеткізуге болады.

Вакциналаудың басты мақсаты – адамдардың қалыпты жағдайға оралуы. Вирустың айналымын тоқтату үшін және оның әлемде болмауы үшін вакцина көмектеспейді. Өйткені, респираторлық вирустардан туындаған алдыңғы аурулар тәжірибесі көрсеткендей, бұл вирус пандемиядан кейін де қоғамда қалады және оның айналымы сақталады. Бірақ ол патогендік және қауіпті агент болуын тоқтатады және жай ғана маусымдық инфекциялардың қоздырғышы ретінде жүреді. Коронавирус та тұмау секілді арамызда қалады.

- Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қанша адамды вакциналау керек?

- Ұжымдық иммунитет ұғымы вакцинологиядағы негізгі ұғымдардың бірі болып саналады. Коронавирус үшін ұжымдық иммунитеттің ең жиі жарияланған саны 70% болды.

Яғни қазіргі эпидемиологиялық жағдай көрінісін тоқтату үшін 70% халық вакцина алуы керек немесе ауырып шығуы керек. Жекелеген жағдайлар әрине жалғасады.

Жаппай вакциналау ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қажет. Қазақстан халқының 70%-ы ауруға қарсы иммунитет орнатқанда эпидемия төмендей бастайды, карантиндік шектеулерді де алып тастауға болады.

- Коронавируспен күресудің вакциналаудан басқа жолдары бар ма?

Вакциналау эпидемияны тоқтату шаралары арасында көш бастап тұр. Вакцина болмаса, ештеңе істей алмаймыз. Бірақ әрине, денсаулық сақтау жүйесі адамдарды вакциналауға ғана сүйенбейді. Вакцинаға қоса тиімді емдеу құралдары болуы керек, өйткені ауру адамдар әлі де болады және оларды емдеу керек. Емдеу ауру жұқтырудың алдын алады. Науқас адам неғұрлым тезірек емделсе, соғұрлым аз адам одан ауру жұқтырады.

Вакцинадан бөлек, тиімді дәрі-дәрмектер де қажет. Денсаулық сақтау жүйесін қолдауға және ең осал топтарды, мысалы, қарт адамдарды қорғауға арналған жедел ұйымдастыру шаралары керек. Мысалы, егде жастағы адамдарға вакцина дұрыс әсер етпеуі мүмкін. Иммундық жүйенің қартаюы сияқты құбылыстар бар. Осыны ескере отырып, ауруды бақылаудың басқа тәсілдерін жасау қажет.

Әрине, бүкіл әлемде вакциналау саясаты бірдей. COVID-19 пандемиясымен күресудің қазіргі стратегиясы ең алдымен вакцинаға – халықты жаппай вакциналауға негізделген. Бұл – ең қолжетімді және түсінікті әдіс.