Қытай Вашингтонда ядролық қауіпсіздікке байланысты өз ұстанымын алғаш рет жария етеді - ҚХР СІМ

None
БЕЙЖІҢ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай басшысы Вашингтондағы ядролық қауіпсіздік туралы жаһандық саммитте алғаш рет ядролық қауіпсіздікке қатысты сөз сөйлейді. Бұл туралы сәуірдің 7-сінде, сәрсенбі күні, Бейжің қаласында ҚХР СІМ вице-министрі Цуй Тянькай мәлім етті.

Цуй Тянькайдың айтуынша, Қытай ядролық қауіпсіздікке баса назар аударады және де алдағы саммитте барлық тарап ортақ оң нәтижеге қол жеткізе алады деп үміттенеді. Саммитте Ху Цзиньтао сөз сөйлейді.

«Қытай басшысы ядролық қауіпсіздке қатысты алғаш рет сөз сөйлейді. Өз сөзінде Ху Цзиньтао әлемдегі ядролық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді қозғайды. Сөз арасында ол Қытайдың ядролық қауіпсіздікке қатысты саясаты мен тәжірибесін, қытайдың халықаралық ынтымақтастық мәселелерімен таныстырып, сондай-ақ Қытайда ядролық қауіпке қарсы қандай шаралар қолданылып жатыр деген сұрақтарға жауап береді» - деп хабарлады Қытай елшісі.

Цуй Тянькай ядролық қауіпсіздікке қатысты Вашингтонда өтетін саммитте ҚХР басшысы Ху Цзиньтао АҚШ президенті Барак Обамамен кездеседі деп мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің 12-сі мен 13-і аралығында Вашингтонда ядролық қауіпсіздікке қатысты саммит өтеді. Онда 46 мемлекеттің басшылары, БҰҰ, МАГАТЭ, ЕО өкілдері, басқа да халықаралық және аймақтық ұйымдар қатысады.