Қытай жабайы аңдарға жемшөп шашты

АСТАНА. Ақпанның 5-сі. ҚазАқпарат /Нүсіпбек Ризабек/ - Қытайдың Шынжаң өлкесіндегі таулы аудандарда қар қалың жауғандықтан, сол арада тіршілік ететін арқар, құлжа қатарлы жабайы аңдар өз аяғымен тамағын тауып жеуден қалған.

Жабайы аңдардың аштан өлуінен алаңдаған жергілікті үкімет жабайы аңдарға жемшөп шашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қытайдың «Халық газеті» сайтына сілтеме жасап.

Қалың қар салдарынан Қытайда мемлекет деңгейінде қорғалатын арқар мен бұғы сияқты жабайы аңдардың бірнешеуі өліп те үлгірген. Осыған байланысты жабайы аңдардың таралу жағдайына қарай, апаттан құтқаруға арнайы қаражат бөлініп, жабайы аңдар біршама көп жүретін жерлерге жемшөп шашты. Қазірге дейін бұғы, ақ қоян, құлжа, арқар сияқты жабайы аңдардың 9800 ден астамы құтқарылған.