Қытай журналистері Оңтүстік Қазақстан облысына қызығып отыр
3 кісілік делегацияны Қытайдың орталық ССТV телеарнасының бас продюсері Жоу Хуң бастап келді. Бұл азамат Астанаға дейін Шанхай мен Миланда өткен ЭКСПО-ға арнайы хабар дайындаған. Бұл жолы Қазақстандағы ЭКСПО-ның өтуін бақылауға арнайы ат басын бұрыпты. Күнгейге келген қонақтарды облыстық туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт күтіп алды. Басқарма басшысы қытайлықтарды туристік әлеуеті зор аймақтарға саяхат жасауға шақырды. Ал, оңтүстікке келген қонақтар өңіріміздің туристік әлеуеті ғана емес, экономикалық дамуы жөнінде де білгісі келетінін жеткізді.
Айта кетейік, Жоу Хуң еңбек ететін әйгілі ССТV телеарнасы әлемнің 121 елінен хабар таратады. 1,5 миллиард Қытай елі бұл арнаны түгел көреді. Сондықтан қонақтар Қазақстан жайлы деректі фильм түсіруді көздеп отыр.
«Биыл Қытай мен Қазақстан арасындағы достыққа 25 жыл толып отыр. Сондықтан бұл жылды «Қазақстан мен Қытайдың туризм жылы» деп айтуға болады. Осы сәтті пайдалана отырып, біз Қазақстанды бұдан ары қарай тануға келіп отырмыз. Әрине, оның ішінде Шымкенттің алар орны ерекше»,-деді ССТV телеарнасының бас продюсері Жоу Хуң.
Қытайлықтар тарапынан түсірілетін туындылар көрші елдің азаматтары үшін қазақ елін танып, білуге мүмкіндік бермек. Әрі көрермендер тарапынан тегін жарнамаға қызығушылық молайса, оңтүстікке қытайлық туристер көбірек келуі мүмкін.