Қытайда адам етін жеген қаныпезер қолға түсті

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Қытай полициясы 11 кісі өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген адамды тұтқындады. Бірқатар ақпараттарға қарағанда, қаныпезерлікке барған оны «кісі етін жейтін құбыжық» деп атаған.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Lenta.ru жазғандай, 56 жастағы Чжан Юнмин (Zhang Yongming) Юннань провинциясында қамауға алынды. ҚХР қоғамдық қауіпсіздік министрлігінде мәлімделгендей, оның 2008 жылдан бастап 11 ер адамды өлтіргені жайлы көптеген бұлтартпас айғақтар бар. Жалғыз өтіп бара жатқан адамдар оның құрбандарына айналған. Қылмыстың ізін жасыру үшін қаныпезер құрбанын мүшелеп, өртеп жіберген. Екінші нұсқа бойынша, құрбандарының етін қорек қылған.

Айта кетейік, 1979 жылы Чжан кісі өлтіргені үшін сотталған болатын. Оны өлім жазасына кескен, бірақ үкімнің бірнеше рет жеңілдетілуіне байланысты 1997 жылы бостандыққа шыққан.