Мамандар FAST (Five hundred meter Aperture Spherical Telescope) радиотелескопы құрамындағы 4450 шағылдырғыштың соңғысын орнатты.
FAST рефлекторының диаметрі 500 метрді құрайды, бұған дейін ең ірі саналған Аресибо (Пуэрто-Рико) обсерваториясындағы телескоптың диаметрі 305 метр еді.
Телескопты жасау кезінде көптеген қиындықтар туындады. Құрылыс алаңынан 5 шақырым жерде орналасқан Пинтан және Лодянь таулы уездерінде тұратын тоғыз мыңнан астам адамды көшіруге тура келген.
Астрономдар телескоптың көмегімен 11 млрд жарық жылы қашықтығында орналасқан ғарыш нысандарын бақыламақ.
ҚХР-дың Ұлттық ғарыш агенттігінің хабарлауынша, радиотелескоп көмегімен жерден тыс өркениеттерді де анықтауға болады. 2016 жылдың деректері бойынша Жерден ең алыс нысан GN-z11 галактикасы болып табылады. Ол 13,4 млрд жарық жыл қашықтықта орналасқан. Бұл галактика «Хаббл» орбитальді телескоп көмегімен анықталған.