Қытайда апатқа ұшыраған Boeing ұшағының бортында қауіпті жүк болмаған

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайдың оңтүстігінде апатқа ұшыраған Boeing 737 жолаушылар ұшағының бортында қауіпті жүк болмаған. Бұл туралы ҚХР-дің Азаматтық авиация басқармасы жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хабарламада Қытайда Boeing ұшағы апатқа ұшыраған күні жолаушылар ұшағының жұмысында ақау болмағаны атап өтілді.

«Ұшақ бортында қауіпті деп жіктелген жүк болған жоқ. Ұшуларды бақылау инфрақұрылымының жұмысында және техникалық ақаулар анықталған жоқ. Қауіпті ауарайы туралы ақпарат та жарияланбады», - делінген құжатта.

23 наурызда құтқарушылар бірінші «қара жәшікті» тапты, ол дыбыс жазу құрылғысы (CVR) болып шықты. 27 наурызда екінші ұшу деректерін жазу құрылғысы (DFR) табылды.

Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес, оқиға болған күннен бастап 30 күн ішінде тергеуді ұйымдастыратын мемлекет ИКАО-ға алдын ала тергеу есебін жіберуге міндетті.

«Ұшақ Куньмин қаласындағы Чаншуй әуежайынан жергілікті уақыт бойынша 13:16-да көтеріліп, сағат 13:27-де 8900 м биіктікке жетіп, 14:17-де Гуанчжоу әуе қозғалысын басқару аймағына кірді. Сағат 14:20-да Гуанчжоу аймақтық әуе қозғалысын басқару радарында «командалық биіктіктен ауытқу» ескертуі пайда болды. Сағат 14:21-де радар соңғы рет келесі ақпаратты тіркеді: биіктігі - 3380 м, жер үстіндегі жылдамдығы - 1010 км/сағ. Содан кейін ұшақтың радиолокациялық сигналы жоғалып кетті», - делінген хабарламада.

Бұған дейін ҚХР Азаматтық авиация басқармасы хабарлағандай, Boeing 737 әуе кемесі 2015 жылдың маусым айында пайдалануға берілген. Апатқа дейін ұшақ 8 986 ұшуды орындап, жалпы ұшу ұзақтығы 18 239 сағатқа жеткен.

Еске сала кетейік, 21 наурызда Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанси-Чжуан автономдық ауданында апатқа ұшыраған ұшақтың екінші «қара жәшігі» табылғанын хабарлаған болатынбыз. Содан соң жолаушылар арасында қазақстандықтардың болмағаны айтылған.