Қытайда «Бақ иісі» атты болашақтың қаласы салынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бельгиялық сәулетші Винсен Кальбо болашақтың қаласы жобасын жасады, деп хабарлады joinfo.ua сайты.

Бұл футуристік елді мекен Қытайдың Юньнань провинциясындағы Куньмин қаласының аумағында орналастырылмақ.

Қала барынша экологиялық және үнемді - сүзгіден өтіп тазартылған сулы, үлкен бассейндер салынған, көшелері автомобильдер мен адамдар жақындағанда өздігінен жанатын жарықдиодты шамдармен көмкерілген болмақ, жаңбыр сулары жиналып, тазартылып отырылады және басқа да бірегей технологиялар қолданылады.

Винсен Кальбоның айтуынша, болашақтың қалаларын салу философиясының негізіне адамдар арасындағы табиғи байланыс, оңтайлы сәулеттік шешімдер мен адам қызметінің әсерінен зиян келтірілмеген тұмса табиғаттың астасуы алынады. Болашақ қытай қаласының жұмыс атауы - «Бақтың хош иісі» деп аталады. Оны 90 шаршы шақырымнан астам аумақта орналастыру көзделуде.