Арна тілшісінің айтуынша, Қытайдағы бала туу санының күрт өсуінің екі себебі бар. Біріншісі, әрине, бір бала саясатының жұмсартылуы, екіншісі - жылқы жылы қытайлықтар үшін қасиетті саналады. Сондықтан ырымшыл халық жәйсіз болатын қой жылында емес, балалы болуды биыл жаппай жоспарлаған. Қытайдың 31 провинциясының 29-ында бір бала саясатын өзгертіп, егер ерлі-зайыптылардың бірі отбасында жалғыз өссе, екінші бала сүюіне рұқсат етті. Осылайша 70-жылдардың соңында демографияны реттеу үшін енгізілген саясат жұмсартылды.
- Екі балалы болу біз секілді жас отбасыларға жақсы болды. Жалғыз бала өзімшіл болып өседі, сондықтан біз екіншісін осы жылға жоспарладық, - дейді Бейжің қаласының тұрғыны Сай Жияу.
Гуандун провинциясында да жүкті әйелдерді көп кездестіруге болады. Биыл наурыз айынан бастап жаңа демографиялық ереже жария болған елді мекендегі перзентханада бос орын қалмаған. Сондықтан қосымша тағы 40 төсек қойдырды. Бұдан бөлек, екінші баласына жүкті келіншектер босанатын уақыты келмесе де, орындарды алдын ала дайындап қойған.
Бір бала саясаты Қытайда қарттар санының көбеюіне әкелді. Бұдан бөлек, әр отбасы ұрпақ жалғастыратын ұл баланы қалап, бойына қыз бала бітсе, алдыртып тастайтын. Соның кесірінен 10 жылдан кейін елде 30 млн. сүр бойдаққа қалыңдық жетіспеуі мүмкін. Бұл мәселеге қазірдің өзінде қытайлық ата-аналар алаңдаулы. Олар аптасына үш рет Бейжіңдегі орталық саябақта қалыңдық пен күйеу балалар жәрмеңкесін өткізіп тұрады. Ақпарат парақшасында үміткердің салмағы, бойы, тіпті айлық табысы да көрсетілген. Құда-құдағи болудан үміттілер телефон алмасып, кейін жастарды үгіттейді.
Бүгінде 30 жастың айналасындағы сүрбойдақтардың басым бөлігі отбасында жалғыз өскен еркелер екен. Олардың үйленгісі келмей жүріп алуы да сол болса керек. 2050 жылға қарай мұндағы халықтың ¼-і зейнеткер болады деген болжам бар.