Қытайда баланы мектепке дайындауға қанша қаражат жұмсалады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытай Халық Республикасында (ҚХР) 9 жыл тегін білім алу міндетті. ҚХР-да 2022 жылы тоғызжылдық білім алу көрсеткіші 95,5% болды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Ал үлкен мектепке қабылдау көрсеткіші былтыр 91,6%-ды көрсетті. ҚХР Білім министрлігінің дерегі бойынша, 2022 жылы елде білімге жұмсалған қаржы 6,13 трлн юаньнен ($846 млрд) асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға көп. Сонымен қатар 2022 жылы білімге бөлінген мемлекеттік бюджет 4,85 трлн юань болды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қытай ЖІӨ көлемі 121,02 трлн юаньге ($18 трлн шамасында) жеткен болатын. Осылайша, білімге бөлінген бюджет шығыны үлесі елдің ЖІӨ-нің 4%-ына тең болған. 2022 жылы мектепке дейінгі білім беру шығыны (2021 жылмен салыстырғанда) 3%-ға, міндетті білім беру 6,7%, жоғарғы сыныптар шығыны 8,5%, жоғары білім беру 6,2% артты.

Қытайда баланы бастауыш мектепке дайындауға 800-ден 1500 юаньге дейін жұмсалады. Мектеп формасы 600–700 юань шамасында, бірақ бұл бағаға жаз, көктем және қыс мезгілдеріне арналған киімдер кіреді. Ереже бойынша, мектеп әкімшілігі мектеп киімін тігетін өндірушілермен тікелей байланысқа шығып, олар дайын форманы білім беру мекемелеріне жеткізеді.

Қытайда ата-аналардың көбі қағаз, қалам сынды мектеп құралдарына интернет арқылы тапсырыс береді. Бағасы – 100-400 юань аралығында. Оған рюкзак қосылады – 100 юаньнен 400 юаньге дейін.