Қытайда Бүкіләлемдік бокс сериясының жекелей сындағы ақтық айқастары өтеді

АЛМАТЫ. 27мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Қытайдың Гуйжоу (Guizhou) қаласындағы Гуйжоу университетінің стадионында Бейжің уақытымен 21.00-де Бүкіләлемдік бокс сериясының ең үздік боксшылары арасында жекелей сынын­дағы ақтық айқас­тар өтеді.

Астана мен Бейжің арасындағы уақыт айырмашылығы 2 сағатты құрайды. Жалпы екі күнге созылатын бұл дүбірлі дода кезінде Бүкіләлемдік бокс сериясының рейтингінде үздік шыққан 10 былғары қолғап шебері өзара қолғап түйістіреді. Бұған дейін Макаода өтеді деп жоспарланып келген бұл бәсекеде жеңімпазға 20 мың АҚШ доллары мен Олимпиада жолдамасын беру көзделген. Олар Лондон Олимпиадасы кезінде Бүкіләлемдік бокс сериясы жеңімпазы ретінде өнер көрсетпек.

Шаршы алаңда алдымен 54, 61 және 91 келіден жоғары салмақтағы боксшылар сайысқа түседі. Олардың арасында Қазақстаннан «Астана арландары» командасының 2 боксшысы бар. Олар 54 және 61 келі салмақта сынға түсеін Қанат Әбутәліпов пен Ержан Мүсәпіров. Қазақстандықтардың қарсыласы "Париж Юнайтед" командасынан француз Нордин Оубаали (Nordine OUBAALI) мен "Бейжің айдаһарлары" командасынан қытайлық Жимин Ванг (Zhimin WANG) болмақ. Ал аса ауыр салмақта итальяндық Клементе Руссо әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовпен жекпе-жекке шығады. Ертең бұл сайыс 73 пен 85 келі салмақтағы боксшылар арасында өтеді. Онда украиналық Сергей Деревианченко мен әзірбайжандық Солтан Мигитинов, алжирлік Абделхафид Беншабла (Abdelhafid BENCHABLA) мен франциялық Лудовик Грогухимен кездеседі.