Қытайда Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының төртінші сессиясы ашылды

БЕЙЖІҢ. 5 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Бүгін Бейжіңде Халықтар жиналысы үйінде Қытайдың жоғары билік органы - Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының төртінші сессиясы ашылды.

Сессия жұмысын елдің түкпір-түкпірінен жиналған 2923 делегат қатысуда.

Президиумда - ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао, Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысыТұрақты комитетінің Төрағасы У Банго, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао, т.б. отыр.

Депутаттар бір аптаға созылатын сессияның барысында үкіметтің 2010 жылғы жұмысы туралы баяндамаларды тыңдайды және 2011 жылғы экономикалық даму жоспарын, 12 бесжылдыққа (2011-2015) арналған жоспардың негізгі баптарын бекітеді.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао өз баяндамасында атап көрсеткендей, 2006-2010 жылдары Қытай экономикасының дамуының орташа жылдық өсу қарқыны 11,2 пайызды құрады.

«Жалпы ішкі өнім 39,8 триллион юаньды, ал жылдық орташа өсу көрсеткіші -11,2 пайызды құрап, қаржы кірістері 3,16 триллионнан 8,31 триллион юаньға дейін өсті», - деп мәлім етті премьер.