Қытайда бүркіт салудан чемпионат өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық өлкесі Іле-Қазақ автономиялық облысының Шіңгіл ауданында бүркіт салудан чемпионат өтті. Өңірде ұмытыла бастаған қазақтың бекзада өнерін жандандыру үшін өткен шараға 67 құсбегі қатысты, деп хабарлайды 24.kz.

Бұл - Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысында өтіп жатқан 3-бүркітшілер чемпионаты. Әдеттегідей сайыста қыран құсты қолға шақыру, иесі мен бүркіттің арасындағы байланыс бағаланды. Содан кейін қанаттыны қоянға салып, ұшқырлығын, айла-тәсілін тексерді. Жалпы, Шыңжандағы қазақтар бүркіт салудан жазғы және қысқы чемпионатты тұрақты түрде өткізіп тұрады. Жат жерде бабадан қалған бұл өнердің тұғырын бекемдеп жүрген қандастарымыздың басты көздегені - жастар арасында бүркітшілікті насихаттау.

«Бұл жойылып бара жатыр. Біздің ұрпақтарымыз атқа да мінбейді, бүркіт дегеннен қорқады, білмейді. Сондықтан ұлтымыздың осы дәстүрін үйретуді өзімізге мақсат тұттық»,- дейді қазылар алқасының мүшесі Табысбек Смағұлұлы. Чемпионаттың бас жүлдесі мен арнайы сыйлығын Нұрғазым Қаламанұлы мен Серік Бақытбекұлы жеңіп алып, 150 мың теңге еншіледі. Осылайша Қытайдағы құсбегілер Қарақия қыстауын саңқылдаған қыран дауысымен екі күн тербетіп қайтты.