Қытайда халықтың 83,4 пайызы ұялы интернетті пайдаланады

АСТАНА. ҚазАқұпарат - China Internet Network Information Center (CNNIC) «Қытай интернетінің дамуы туралы статистикалық есепті» жариялады, деп хабарлады «Российская газета».

Онда 2014 жылғы маусымда қытайлық интернет-пайдаланушылар саны 632 млн. адамға жеткені көрсетілген. Бұл 2013 жылғыдан 14,5 млн. көп. Соның ішінде ұялы интернетті пайдаланушылар саны 527 млн. адамға жетті, бұл бұдан бір жыл бұрынғыдан 26,99 млн. адамға көп.

Ұялы интернетті пайдаланушылар үлесі пайдаланушылардың жалпы санының 83,4 пайызына жетті, сөйтіп алғашқы рет дәстүрлі дербес компьютер пайдаланушылардан (80,9 пайыз) асып түсті.

Жылдың алғашқы жартысында ұялы төлемдердің өсімі 63,4 пайызға жетті, деп хабарлады «Жэньминь жибао».

Қытайда ұялы интернеттің бұлайша өсу тасқыны елде төртінші ұрпақ желілерін өрістету туралы шешім қабылданғаннан кейін мүмкін болды. 2014 жылдың соңында Қытайда 4G стансалардың саны 2 миллионнан аспақ.