Қытайда ірі теміржол апатының салдарынан 35 адам қаза тапты, 200 адам зардап шекті

БЕЙЖІҢ. 25 шілде. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Сенбі, 23 шілде күні Қытайда ірі теміржол апаты орын алды. Оқиға салдарынан 35 адам мерт болды, 200-ге жуық адам зардап шекті.

Бұл туралы Қытай Халық Республикасы Теміржол министрлігінің өкілі Ван Юнпин баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Ханчжоудан Вэньчжоуға бара жатқан жүрдек пойызға найзағай түскен. Оқиға салдарынан электропойыз тоқтап қалған, нәтижесінде оны бірнеше минуттан кейін қарсы бағытта 250 шақырым/сағат жылдамдықпен келе жатқан пойыз келіп соққан. Соқтығысу салдарынан төрт вагон рельстен шығып келіп, 30 метр биіктіктен құлаған. 24 шілдедегі мәліметтер бойынша, апат салдарынан 35 адам қаза тапқан, 192 адам түрлі жарақат алған, оның 132-сі - жергілікті ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Апат кезінде екі пойызда барлығы 2 мыңнан астам жолаушы болған.

Төтенше оқиға салдарынан көз жұмғандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бірақ зардап шеккендердің арасында Ресей мен АҚШ азаматтары бар көрінеді.

Пойыз апатынан кейін Қытайдың Теміржол министрлігі 58 жүрдек пойыздың сапарын тоқтату туралы шешім қабылдады. Қытай өкіметі осы апаттан кейін жүрдек пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі шараларын тезірек нығайту туралы нұсқау берді. Теміржол апатына байланысты министрліктің бірқатар жоғары лауазымды шенеунігі қызметтерінен босатылды.

Қытай басылымдарының хабарлауынша, бұл апат Қытайдың жүрдек теміржол жүйесінің қауіпсіздігіне күмән келтіріп отыр. 10 шілде күні Бейжіңнен Шанхайға бара жатқан жылдамдығы аса жоғары пойыз, найзағайдың салдарынан жарықтың сөніп қалып, Цзинань қаласында екі сағат бойы тұрып қалған еді. Шілде айының басында ғана іске қосылған аса жоғары жылдамдықты пойыз желісінде орын алған осы және одан кейінгі басқа бірнеше оқиға құны 33 миллион АҚШ долларына бағаланған бұл жаңа жүйенің қауіпсіздігіне күмән туғызып отыр.