Қытайда қар барысын өлтірген бес браконьер ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың солтүстік батысындағы Цинхай провинциясының полициясы өткен жексенбіде браконьерлікте күдікті танылған бес адамды қолға түсірді.

Ұсталғандар жануарлардың сирек түрлерін, соның ішінде қар барыстарын атуда айыпталып отыр, деп жазады Синьхуа.

Браконьерлердің үйлерінен қар барыстарының екі тұтас еті, бір бүркіт, үш арқар, сондай-ақ алты нахур мен алты қарақұйрық табылды. Күдіктілер өз кінәсін мойындады. Іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

Әлемде қар қабыландарының саны 5 мыңнан астам, соның 2 мыңға жуығы Қытай аумағында тіршілік етуде. Қоршаған ортаны қорғау бойынша шаралардың арқасында соңғы бірнеше жылда қабыландар Қытайдың солтүстік батысынан да байқала бастаған.