17:27, 28 Сәуір 2009
Қытайда қазақстандық ақындардың қатысуымен «Жекпе-жек» айтысы өтеді
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Бақытжол Кәкешұлы/ - Сәуірдің 29-ы мен мамырдың 16-сы аралығында Қытайдағы қазақтар шоғырлана қоныстанған 4 қала, 14 ауданда Қазақстан мен Қытай қазақтары айтыс өнерінің саңлақтары «Жекпе-жек» айтысын өткізбек,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қытайдағы қазақтардың "بوزبالا " (bozbala.com )сайтына сілтеме жасап. Аламанға ат қосса, арқасы қызып отыра алмайтын қазақтың «Жекпе-жек» аталатын дүбірлі бәйгенің сауын айтқан хош хабарын естіп елеңдемегені жоқ. Ақындар «Жекпе-жектің» алғашқы майданын сәуірдің 29-і күні Үрімжі қаласында бастап, мамырдың 16-сына дейін Санжы облысы, Алтай, Тарбағатай аймақтарының аудан орталықтары мен қалаларында жалғастырмақшы. Ата салтын ардақтап, дәстүрін тәбәріктеп сақтаған, қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың әр ауылын аралап жүріп өнер көрсететін қазақстандық ақындардың қатарында күллі қазақ даласына даңқы шыққан ай маңдайлы ақын Айнұр Тұрсынбаева, от тілді Балғынбек Имашов, айбоз ақын Айбек Қалиев болса, Қытайдағы қандастарымыздың үкілеп қосқан жүйріктері - жас буын талантты ақындар Ержанат Байқабайұлы, Жәмиға Дәулетқызы, Арай Көшерқызы сияқты саңлақтар. Бұл «жекпе-жекке» келген көрермендер сол жақтағы белгілі әншілердің де өнерлерін тамашалап қайтатын болады.