Жуырда Шыңжаңның Тарбағатай аймағындағы № 2 орта мектепте қисса сыныбы ашылғанын сондағы аймақтық БАҚ-тардың бірі - Тарбағатай ақпараттық сайты (http://www.kztcxw.cc) хабарлады, деп жазады BAQ.KZ.
Бұл сыныпты ашудан бұрын оқытушылар қисса-дастандарды жинап, көлемі жеткіншектер түсіне алатын деңгейде, шағын дегендерін іріктеп зерттеген екен. Ұстаздар қисса орындау сарынын үйрету барысында ауыз әдебиетін зерттеуші мамандар мен ауылдағы қариялердың кеңесіне жүгініпті.
Қиссашылар жетекшісі Кәбира Мүсінатқызының айтуына қарағанда аталмыш мектепте «Оқушыларды жан-жақты баулу» 2007 жылдан бастап оқыту бағдарламасына енген. Ал, қисса орындауды үйрету осы оқыту бағдарламасының «Көне жазбаларды зерттеу» тақырыбына жататын тәлімгерлік түрі болып саналмақ. «Топтық қисса орындаудан жеке орындауға көшіп отыратын сабағымыздың алғашқы нәтижесі көңіл толарлық. Біздің мақсатымыз - қисса жаттатып, оны орындату арқылы балалардың талантын ұштап, өнерін дамыту» дейді сынып жетекшісі.