Қытайда құстардың жаппай қырылу фактісі тіркелді

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Бейжің қаласы сыртындағы ауданда орналасқан Шацзыин ауылында құстардың жаппай қырылу фактісі тіркелді. Өлген құстардың арасында қара барылдақ торғайлар, жабайы үйректер мен сауысқандар көптеп кездескен, олар Сяоцин өзенінің жағасынан табылып отыр.

Бұл туралы жергілікті БАҚ ақпараттарына сілтеме жасай отырып, Утро.ру агенттігі хабарлады. Ал сол жердегі халық құстар қандай да бір аурудан өліп, кеселді халыққа жұқтырады деп қауіптенуде.

Алайда мамандар халықты сабырлылық сақтауға шақырды. «Біз өлген құстардан құс тұмауы немесе басқа да бір жұқпалы ауруды тапқан жоқпыз», - дейді санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың қызметкері. Ол сондай-ақ құстар аштықтан не болмаса қолайсыз ауа райының салдарынан өлуі мүмкін деген болжам айтты.