Қытайда мұз аралас жаңбырдың салдарынан 22 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді

АСТАНА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат - Қытайдың оңтүстігіндегі мұзды жаңбыр салдарынан 22 мың адам қауіпсіз жерге көшіріліп, жүздеген үйге зақым келді, деп хабарлайды Утро.ру агентігі.

Құбылмалы суық ауа райының әсерінен жаңа жылдың алғашқы күндері Қытай Халық Республикасының оңтүстік-батысында орналасқан Гуйчжоу провинциясында мұз аралас жаңбыр жауды. Мұзбен құрсауланған 200-ге тарта үй қирап, шатырларында кесек мұз қатқан 1,4 мың тұрғын үй шатыры зақымданды. Адам шығынының алдын алу үшін өкімет орындары 22,8 мың адамды қауіпсіз жерге көшірді.

Алдын ала есеп бойынша, ауа райының нашарлауынан 1,8 миллион адам зардап шегіп отыр.