Қытайда Непалдағы жер сілкінісінен опат болғандар саны 20 адамға жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Тибет автономиялық ауданында Непалда болған жер сілкінісі салдарынан құрбан болған адамдар саны 20-ға жетті. Тағы 4 адам із-түзсіз жоғалып кеткендер санатында, деп жазады ТАСС.

Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, кемінде тағы 58 адам жарақаттанған. Шигадзе қаласында жер сілкінісіне байланысты 24,8 мың жергілікті тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Мұнда табиғи апаттан екі шекаралық бекет бұзылған. «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, Шигадзе округінде 1206 үй бұзылып, 9974 үйге зақым келген, сондай-ақ жолдар бұзылып, коммуникациялар бұзылған. Қазіргі сәтте әскери, полиция қызметкерлерінің және өрт сөндірушілердің көмегімен құтқару жұмыстары жүргізілуде.