Қытайда секта мүшелері өлім жазасына кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда сот тыйым салынған сектаның екі мүшесі өлім жазасына кесілді. Олар Шаньдун Шығыс провинциясындағы «Макдональдс» мейрамханасында әйел адамды өлтірді деп айыпталып отыр, деп хабарлады ВВС.

Тергеу амалдарының қорытындысы бойынша, оқиға құрбаны 37 жастағы У.Шоянь мамыр айында сектанттарға өз телефон нөмірін беруден бас тартқаны үшін өлтірілген. Оның өліме себеп болғандар мейрамхана видеокамераларына түсіп қалған және оны оқиға куәгерлері ұялы телефондарына түсіріп алған.

Сектаның тағы бір мүшесі соққы жасауға қатысқаны үшін түрмеге қамалады. Айта кетейік, «Құдіретті Құдайдың шіркеуі» деген атпен таныс діни топқа Қытайда тыйым салынған. Оның өкілдері сектадағы адамдар саны милионнан асатынын айтып отыр. Айыпталушылардың бірі Джан Лидун қамауға алынғаннан кейін журналистерге сұхбат берді. Онда ол өзінің жасаған ісіне еш өкінбейтінін жеткізді. «Мен оны бар күшіммен ұрдым. Сондай-ақ, аяғыммен тептім. Ол - әзәзіл, сайтан. Біз оның көзін жоюымыз керек болды», - деді ол. «Құдіретті Құдайдың шіркеуі» доктринасы бойынша, олар қытай қызы бейнесінде жерге түскен «Құдайға» сенеді. Оның сөзіне қарағанда, адам кейпіндегі құдаймен бұрынғы физика мұғалімі, 25 жыл бұрын осы ағымның негізін қалаған Чжао Вэйшань ғана кездескен. Бірақ, ол АҚШ-та тұрады.