«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, 1242 адам құтқарылды, тағы 1 148 адам із-түзсіз жоғалғандар санатында. Апат салдарынан 300-ден астам үй қирап, 700-дей үй зақымданды, тағы 3 мыңдай үйді су басып қалды. Жалпы алғанда, табиғат апатынан 47 мың адам зардап шегіп отыр, ал келген шығын әлі нақтылануда.
Қытайдың Жер және табиғи ресурстар министрі Сюй Шаошидің айтуынша, Чжоуцюй уезіне үлкен шығын келтірген сел тасқыны геоқұрылымдық және геоморфологиялық себептерден туындап отыр. Чжоуцюй сел тасқыны, лай көшкіні және жер сілкінісі сияқты геологиялық апаттар жиі болып тұратын Циньлин тауларының батыс бөлігіндегі ауданда орналасқан. 2008 жылы мамырдың 12-сінде Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань уәлаятының Вэньчуань уезінде болған және сол кезде Чжоуцюй уезі де зардап шеккен қуатты жер сілкінісі жергілікті тау жыныстарын нығыздаған, соның салдарынан тау жыныстарының опырылу қаупі күшейген. Министрдің түсіндіруінше, жаз басталғалы бері Қытайдың басым бөлігінде үлкен құрғақшылық сақталып келген, соның нәтижесінде Чжоуцюй уезі орналасқан таулы ауданда жарықтар пайда болған. Осындай жағдайда жауған нөсер жауын тау жыныстарының опырылуына және сел тасқынының көшуіне себеп болуы мүмкін.