Қытайда тау-кен өндірісіндегі екі оқиға салдарынан 28 кенші қаза тапты, 83-і үйінділердің астында қалды
13:59, 30 Наурыз 2013
БЕЙЖІҢ. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Жұма, 29 наурыз күні лай көшкінінің түсуі салдарынан ҚХР Тибет автономдық ауданының тау-кен өндіру аймағында 83 жұмысшы үйінділер астында қалды, деп хабарлады «Синьхуа» агенттігі.
Тибеттің әкімшілік орталығы - Лхас қаласына жақын жерде екі миллион текше метрге жуық лай көшкіні Қытайдың ұлттық алтын өндіру корпорациясының еншілес компанияларының бірінің ондаған жұмысшысын басып қалды.
Оқиға орнына техника, арнайы құралдар мен құтқарушылар жасағы жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде. ҚХР билігі жер астында қалған жұмысшыларды құтқару үшін барлық күшті салуға шақырды.
Сонымен қатар, жұма күні кешке Қытайдың солтүстік-шығысындағы Цзилинь провинциясында көмір өндіру шахтасындағы жарылыс салдарынан 28 кенші қаза болды деп хабарлады жергілікті БАҚ. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар үйінділер астынан 13 жұмысшыны құтқара алды. Іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде.