Қытайда тұңғыш әйел ғарышкер ғарышқа ұшады

АСТАНА. 16 маусым. ҚазАқпарат - Қытайда әскери-әуе күшінің ұшқышы Лю Ян алғашқы әйел-ғарышкер атанбақшы. Ол ғарышқа «Шэньчжоу-9» кемесінің бортында бүгін кешке аттанады.

Кеме 16 маусымда, яғни бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 18.37-де (17.37 Астана) ҚХР-дің солтүстік-батысындағы «Цзюцюань» ғарыш айлағынан ұшырылады. Экипаж құрамына Лю Яннан басқа кеме командирі Цзин Хайпэн мен ғарышкер Лю Ван кіреді. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.

Бағдарламаның негізгі мақсаты кеменің алғашқы ұшырылымы мен оның ғарыштық «Тяньгун» модулімен бір рет қолмен басқару арқылы, екінші рет автоматты түрде  тоғысуы болып табылады.

«Шэньчжоу-9» экипаж мүшелерін «Тяньгун-1» орбиталық  ғарыштық модуліне шығарады, онда ғарышкерлер  ғылыми тәжірибелер жүргізеді және орбитада он күннен астам уақыт болады.

Ғарышкерлер кемеде және ғарыштық модульде жұмыс істеп, екі арнайы жабдықталған модуль құрылғыларында ұйықтайтын болады.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы қытай тайконавы Ян Ливэй «Шэньчжоу-5» ғарыш аппаратында 2003 жылдың 15 қазанында ғарышқа көтерілген еді.

ҚХР 2020 жылға дейін орбитада жеке ғарыш стансасын салып, ғарыштық зертхана жасауды жоспарлауда.

Еуразия бірінші арнасы