АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезия астанасы Джакартада өтетін ХVIII Жазғы Азия ойындарында Қытайда тұратын үш қандасымыз аталған елдің атынан сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы қытайлық БАҚ өкілдері мәлім етті.
Айталық еркін күрес түрінен 65 келі салмақ дәрежесінде Ерланбек Кәтейұлы сынға түседі. Ол осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында қола медаль жеңіп алған болатын. Сондай-ақ, Қытай құрамасының қатарында Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысқан.
Екінші қазақ спортшының есімі - Уәлихан Серікұлы. Ол Джакартада грек-рим күресінен бақ сынайды. Уәлихан Серікұлы 59 келі салмақта қытайдың ішкі біріншілігінде екі мәрте қола жүлдегер атанған. Ал үшінші қандасымыз - боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы. Ол Азия ойындарында 75 келі салмақта шаршы алаңға шығады.
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.