Қытайда жылына қазақ авторларының 30 мыңға жуық кітабы жарық көреді - Ғалия Бөкейқызы

АСТАНА.ҚазАқпарат - Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде жылына жоспарлы түрде 100 мың аталыммен жаңа кітап жарық көрсе, соның 30 мыңға жуығы - қазақ авторларының туындысы. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бас директорының бірінші орынбасары Ғалия Бөкейқызы мәлім етті.

«Қазақ қаламгерлерінің кітаптарын жарнамалау жағы әлі де көңілге қонымсыз десем өтірік емес. Еліміздегілерді ерте ме, кеш пе ептеп жинап алармыз деген желеумен отандық баспалардан тегін жеткізілуге тиіс міндетті даналарымызды түгендеуді қоя тұрып, шетелде шығарылған құнды басылымдарды (қай тілде болса да) жеткізудің де жөні болар. Енді мынаған қараңыз, қазақ көп қоныстанған көрші Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің өзінде жылына жоспарлы түрде 100 мың аталыммен жаңа кітап жарық көрсе, соның 30 мыңға жуығы - қазақ авторларының туындысы екен. Өкінішке орай, сол су жаңа шығармалар араб қарпімен, яғни төте жазумен (кейде қытай тілінде) жарияланады. Төрімізге қондырып, сөреде тілін түсінетін оқырман таппай тұра ма деген күдік кім-кімді де жеңбей ме?.. Меніңше, мемлекеттік комиссия сараптамасынан өткен, оқырманға қажетті деген шығармаларды жеткізсек, ұтымды жол сол болар», - дейді Ғалия Бөкейқызы.

Күнсұлтан Отарбай