Қытайдағы қандастарымыз латын әліпбиіне көшуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр

АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қытайдағы қандастарымыз латын әліпбиіне көшуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.Бұл туралы бүгін ҚР Байланыс және ақпарат министрлігіндегі «Шетелдегі қазақтарға арналған БАҚ: қазіргі жағдайы және мәселелері» атты дөңгелек үстелде мәлім болды.

Аталаған дөңгелек үстел барысында Қытайдағы қазақ тілді журналистер Қазақстан латын әрпіне толығымен қашан көшетіні жайында сауал қойды. Олардың сөзіне қарағанда, Қазақстан латын әрпіне көшеді деген хабар тарағаннан кейін, Қытайдағы қандастарымыз осы бағытта тиісті дайындық жұмыстарын жүргізе бастаған.

Өз кезегінде Тіл комитетінің талдау және мониторинг басқармасының бастығы Роза Жолдыбаева латын әліпбиіне көшу ауқымды жұмыстарды қажет ететінін айтып өтті. «Бүгінде елімізде осы шараға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ 3-4 жылдың ішінде шешілетін мәселе емес. Негізі латын әліпбиіне көшетініміз - ол анық»,-деді Р. Жолдыбаева.

Айта кетейік, дөңгелек үстел Астанадағы Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайы аясында ұйымдастырылып отыр. Оған Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Германия, Иран, Қырғызстан елдерінен келген делегация мүшелері мен еліміздегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.