Қытайдағы қандасымыз «Тоғысар» атты ерекше музыкалық аспап жасап шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Санжы облысына қарасты Құтыби ауданында тұратын қандасымыз  Ермек Ырысбекұлы домбыра мен гитараны қосып «Тоғысар» атты жаңа музыкалық аспап жасап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытайдағы «Тәңіртау» ақпараттық порталының мәліметіне қарағанда,  Ермек бұл музыкалық аспапты 2001 жылдан бастап зерттеп, жасауды қолға алған екен. Көп жылдық ізденістер арқылы  2005 жылы ресми түрде жасап шығып, 2008 жылы қараша айында бұл аспапқа патент құқығын алыпты.

 «Бұл «Тоғысар» музыкалық аспабының ерекшелгі - домбыра мен гитараны қосып жасаған. Жоғары жағына гитара, төмен жағына домбыра орналасқан. Домбыра мен гитарадан шыққан  әдем әуен бір-бірімен үндесіп екеуін қосып тартқанда жағымды, өзгеше музкалық әуен ойналады екен.  Егер бұл аспап оркестр ішінде қосылып шертілсе адамның тұла бойын шымырлатары, тыңдаушының жүрегінің тербетіп, өзіне баурап алары анық», деп жазады «Тәңіртау» сайтының тілшісі Адақ Шаймұратұлы.

Қазір бұл «Тоғысар» аспабына сұраныс көбейіп, оған қызығушылардың саны күн санап артып та жатыр.