Қытайдағы қазақтар асық атудан жарыс өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдағы қандастарымыз төл ойынымыз асық атудан жарыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат kazakh.people.com.cn сайтына сілтеме жасап.

Асық ойыны - тәрбиелік мәні зор, қазақ халқының дәстүрлі ойындарының бірі. Көшпелі өмір тудырған төлтума өнер есептеледі.

 

Міне, осындай ұлттық құндылығымызды алыстағы ағайын да ұлықтауға өз үлесін қосуда.

 

Жақында қытайдағы қандастарымыз ең көп шоғырланған Іле аймағы Күнес аудандық №5 орта мектепте оқушылар арасында асық ойынынан жарыс өтті. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар таратылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта мектеп ұжымы дене шынықтыру сағаттарында төл спортымыз саналатын асық ойынын қосымша сабақ ретінде алып, жүйелі үйретуді жолға қоймақ ниетте екен.

 

Аталған ақпарат көзінде «Мектеп арнайы асық ойыны алаңын жасап, жарыстар өткізіп, асық ату шеберлерін анықтап келеді. Бұл бастама жасөспірімдердің ұлттық ойындарға қызығушылығын арттырып, дәстүрлі ойындар жөніндегі таным-түсінігін тереңдетті» деп жазылған.