Талай ғасырларды басынан өткерген, тамыры терең бұл мұраны жаңғыртқан қытайдағы қандастарымыз еді. 13 000 адам бір жерде, бір уақытта билеп гиннес рекорттар кітабына енгізген де солар.
Қазақтың қолына жібі түзу бірдеңе іліксе иесі бар боп шыға келетін бір бәле жабысыпты, деп жазады kazaitys.kz. Шұбатын анау, қымызын мынау патенттеп, көкпарын біреу тақымдағысы келіп, қарадай таласып, тартып алғысы келіп ары өткен, бері өткеннің бәрі тепектейді. Құдайға шүкір, намысты азаматтарымыздың арқасында "Көкпардан тұңғыш Азия Біріншілігін" Астанада өткізіп оны өз атымызға жаздырғандай болып едік. Енді қырғыздар "қаражорға" биіне таласып жатыр. Таласпаған не қалды өзі? Әй осы қырғыздар Талас өзенін де бізбен таласып жүріп тартып алған-ау...
Алайда қырғыздың жеке кәсіпкері Болат Диқанбаев: «Бұл биді қытайдағы қырғыз бауырларымыз жалғастырып келе жатқан екен, содан қытайдағы қазақтар алып билеп жүр», - деп дәлелсіз пәтуа айтыпты. "Солай деп бір қазақ айтты" деп дәлел келтірмекке тырысқанын қайтерсің. Төмендегі бейнематериялда тағы сол қырғыз "қаражорғаның" сөзі жайында сұраған тілшіге: "Қара жорғаның сөзі бұрыннан ел арасында келе жатқан сөз екен, оны қазақтар аударып алған" дегенге сайдырыпты. Жоқ. Бұл биде бұрын сөз болмаған. Кейін оған сөз жазып өлеңдеткен Мерей Тұрдақын деген 30-дар шамасындағы ақын жігіт. Үрімжіде тұрады. Қырғыздың дәйексіз сөзін осыдан-ақ аңғара беруге болады.
Сонымен, Қытайдағы қазақтар "қаражорға" үшін қырғыздармен сайт бетінде "қырылысып" жатыр. Мыңдаған пікірлер жазылды. Бұған сіз не дейсіз?