Шандұң соғыс кемесінде жұмыс істеген қазақ бойжеткені- «Жэньминь жибао»
«Шандұң соғыс кемесіндегі әскери бойжеткен, қандай әдемі». Апта соңында қытайлық басылымдарда осындай тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
2017 жылы 27 сәуір күні Қытайдың алғашқы отандық әскери авиаматкасында (әскери ұшақтарды ұшыратын кеме) Шандұң соғыс кемесі теңізге түсірілді. Аталған соғыс кемесіндегі алғашқы топтағы әйел - Гүлзира есімді қазақ қызы әскери ретінде кеменің тұңғыш әскери жаттығуына куә болды. Кейіннен әскери міндеттен босау алдында да ол соғыс кемесінен ұшақтардың ұшқан сәтін өз көзімен көру бақытына ие болды, деп хабарлайды қытайлық «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.
Шыңжаңнан келген Гүлзира есімді қазақ қызы - биыл 24 жаста. Қазір Далиян ұлттар университетінде оқиды. Гүлзира 2019 жылы университетте оқып жүргенде әскери міндетін өтеу мәртебесіне ие болған. Сөйтіп, ол 2020 жылы маусым айында Шандұң соғыс кемесіне келіп, аталған кемедегі алғашқы топтағы әйел әскерлердің бірі атанады.
Сол жылы Шандұң соғыс кемесі тұңғыш рет шынайы оқпен атылған жаттығуын жасаған кезде Гүлзира әсерлі сәттің куәгері болады.
«Алып соғыс кемесіне жаңа ғана келген кезде әскери жаттығуды тікелей көзіммен көргенім үшін өзімді бақытты жауынгер сезінемін. Кнопканы өз қолыммен баспағаныммен, сол сәттің тірі куәгері болуым мен үшін ешқашан естен кетпес сәттің бірі болды», - дейді ол.
Қытайлық басылымның дерегінше, оның әскердегі жұмыс орны кеменің астыңғы қабатында болғандықтан, әдетте тек кемеге тиелген ұшақтың дауысын ғана еститін. Соғыс ұшағының ұшып-қонған кездегі сәтін күнделікті көре алмайтын еді. Гүлзира әскери міндетін аяқтауға жақындаған кезде, бітіруші жауынгер ретінде соғыс кемесіндегі ұшақтардың ұшып-қонғанын қайтадан көрген. Бұл қазақ қызы үшін есте қаларлық сәттердің бірі еді.
«Ол Шандұң соғыс кемесінде міндет өтегенін мақтаныш тұтады және көптеген студенттердің де өзі секілді әскери қосынға баруын тілейді», деп түйіндейді қытайлық БАҚ.
Қара сабынмен шаруасын шалқытқан Ләтипа Жәкенқызы –CNR
Ләтипа Жәкенқызы есімді қазақ әйелі қара сабын жасау арқылы отбасылық кірісін арттырып отыр. Ләтипа 23 жасынан бастап қара сабын дайындауды үйрене бастайды. Алғашында тек отбасына қажеттілік үшін жасаған.
Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, Ләтипа Жәкенқызы 2010 жылы ауылынан киім тігу дүкенін ашады. Кейіннен қара сабын жасап, сатып қосымша кіріс кіргізуді қолға алады. Ол қайнатылған бір қазан табиғи материалдан 12 қара сабын дайындауға болатынын, жылына 500-ден артық қара сабын жасап, 20 мың юань (1 300 000 теңге көлемінде – авт.) кіріс кіргізетінін айтады.
Оның айтуынша, қара сабын жасау өнері анасынан өзіне жалғасқан екен.
Әдетте шешесі қызына немесе енесі келініне үйретіп, мұрағаттайды. Ол кішкентайынан әжесі мен шешесінің қара сабын жасағанын көріп, көмектесіп өскен. Ол уақытта заманның тапшылық кезеңі болғандықтан, бұл өнерді игерген әжесі мен шешесі ешкімнен ақы алмай, қара сабынды тегін берген. Ләтипаның айтуынша, бұл - қазақи береке мен ынтымақтың, адамгершіліктің белгісі.
«Заманның дамуына, адамдардың өзгеруіне байланысты қазір осы өнерді білетіндер барған сайын азайып барады. Қара сабын жасау - ұлтымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлі өнерінің бір түрі. Оны ұмытуымызға болмайды. Егер қара сабынды жасауды үйренуге қызығатындар болса, мен үйретуге дайынмын», - дейді Л. Жәкенқызы.
Айта кетейік, қазақ халқы қара сабынды алабота, сарыбалақ секілді дәрілік өсімдіктердің күлін пайдаланып, белгілі мөлшерде малдың майын араластырып қайнатып жасайды. Мұндай сабынның қызамықты жазу, қайызғақты кетіру, қышыманы басу, балалардың бөртпесін кетіру қатарлы емдік рөлдері бар.
Дастан Оразбековтің жеке концерті өтеді – «Kaznews»
Мамыр айының басында Қазақ елінен көпшілікке белгілі «Орда» тобының әншісі, актёр, әйгілі «Қазақстан дауысы» шоуының тәлімгері Дастан Оразбеков жеке шығармашылық концертін өткізбекші, деп хабарлайды «Kaznews».
«Көптен күткен кеш Өлгий қаласында мамыр айының 3, 4-күндері Құрманхан атындағы музыкалық драма театрында екі рет, ал мамыр айының 6-күні Ұланбатыр қаласында Зайсан Хилл сарайында бір рет өтеді», деп жазады «Kaznews».
Моңғолиялық басылымның дерегінше, Дастан Оразбеков гастролдік сапарында өзінің тыңдармандарына концерт беріп қана қоймай, ерекше сый дайындапты. Атап айтсақ, Баян-Өлгий Аймағында өтетін концертінде жанкүйерлерімен кездесу ұйымдастырмақ. Өзінің шынайы фанаттарының лебізін тыңдап, сырласып әрі бірге ән орындамақ.
Сондай-ақ, осы аптада «Kaznews» ақпараттық порталында «Баянөлгийлік жасөспірімдер футзалдан ел біріншілігіне қатысты» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Футзалдан ел біріншілігіне 11, 12 жастағы спортшы жасөспірімдер қатысқан.
Сәуірдің 10-23 күндері ел астанасы Ұланбатыр қаласында футзалдан «Grossroots» республикалық чемпионат өтті. Бұл туралы Баян-Өлгий аймағының Футзал федерациясының жаттықтырушысы Хамит Тойлатұлы хабарлаған.
Жарысқа елдің түкпір-түкпірінен 1400-ден жоғары спортшы қатысып шын мықтыны анықтады. Баян-Өлгий аймағынан 11 және 12 жастағы спортшылар аталған додаға қатысып, өз өнерлерін ортаға салған.
Моңғолиялық басылымның дерегінше, 11 жастағылардан 26 команда, 12 жастағылардан 32 команда жарысқа қатысты.
«Баян-Өлгий футзал командасы жаттықтырушысының айтуы бойынша, алды 6 ай, арты 2 ай ғана жаттыққан жас спортшылар болса да елдің тарихы терең азулы клубтарына қарсы керемет өнер көрсеткен», деп жазды «Kaznews».
Сианьда Қытай мен Орталық Азия Сыртқы істер министрлерінің төртінші кездесуі өтті –People.cn
Қытай мен Орталық Азия Сыртқы істер министрлерінің төртінші кездесуі 27 сәуір күні таңертең Шэньси өлкесінің Сиань қаласында өтті, деп хабарлайды Қытайдың «People.cn» ақпараттық порталы.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, 2022 жылдың маусымында Қытай мен Орталық Азия Сыртқы істер министрлерінің үшінші кездесуі барысында барлық тарап Қытай және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесу тетігін құруға келіскен болатын.
Қатысушы елдер алдағы Қытайда өтетін саммитті ұйымдастыру, Қытай мен Орталық Азияның түрлі салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ ортақ назар аударатын халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасқан.
«Кездесуден кейін Қытайдың Сыртқы істер министрі Цинь Ган тараптар келесі айда Сиань қаласында Қытай-Орталық Азия саммитін өткізуге келісті деп мәлімдеді», деп жазды қытайлық БАҚ.
Түркия-Қазақстан Достық саябағы ашылды– «TRT»
Анадолының бас қаласы Анкараның Мамак ауданында Түркия-Қазақстан достық саябағы қызметке берілді.
Саябақтың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп қатысты. Сонымен бірге Қазақстаннан келген өнер тобы, қазақстандық студенттер, ауданның жұртшлығы да келді.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы да хабарлаған болатын.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, екі елдің достығы мен бауырластығының белгісі болатын саябақ 14 мың шаршы метр алаңды құрайды. Жасыл желкен алаңда жүгіру және велосипед жолдары, арнайы жаттығу алаңдары, балалар ойын алаңы орналасқан. 16 түркі мемлекетінің санына орай арнаулы 16 самалжай ойластырылған. Шатырлары байрағымызбен түстес боялған. Саябақ аумағында Күлтегін-Тоныкөк ескерткіштері, Хакім Абай мен ұлы философ әл-Фарабидің де бюсті орын алған.
Сондай-ақ, осы аптада «TRT»-да «Ибрахим Күлшімбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Түркиялық басылымның дерегінше, Қазақстан Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрахим Күлшімбаев «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды. Аталған сыйлықты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Президенттік сарайда өткен салтанатты жиында табыс еткен.
Айта кетейік, Түркия Президенттік сарайында 2023 жылдың 6 ақпанында Түркияда болған жойқын жер сілкінісінде іздеу-құтқару жұмыстарына қатысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға 80-нен астам елден келген өкілдер қатысқан.
Иран мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 20 пайызға өсті – «Parstoday»
Иранның кедендік статистикасы Иран мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының 20 пайызға өскенін көрсетеді. Иран мен Қазақстан арасындағы сауда өткен жылы 320 миллион доллардан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.
Ирандық БАҚ-тың дерегі бойынша, биылғы жылы Қазақстаннан Иранға шамамен 124 миллион 801 мың долларды құраған 275 мың тоннадан астам тауар әкелініп, өткен жылмен салыстырғанда құны 59 пайызға, салмағы бойынша 25 пайызға артқан.
Айта кету керек, бидай, арпа, жартылай тіркемелерге арналған жол тракторлары, күнбағыс майы мен мақсары майы, тек сығымдалатын поршенді қозғалтқышы бар тракторлар(дизель немесе жартылай дизель) Қазақстаннан Иранға әкелінетін негізгі тауарлар болды.
Азиз Абдухакимов Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрімен кездесті - «ӨзА»
27 сәуірде Табиғи ресурстар министрі Азиз Абдухакимов пен Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың кездесуі өтті.
Бұл туралы апта соңында «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Өзбекстандық басылымның мәліметінше, кездесуде қоршаған ортаның мониторингі, биологиялық әртүрлілік пен табиғи аумақтарды қорғау, климаттың өзгеруінің салдарын азайту, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, кадрлық әлеуетті арттыру мен ғылыми-техникалық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланған.
Айта кетейік, 2022 жылдың желтоқсанында Өзбекстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында қоршаған ортаны қорғау туралы келісімге қол қойылған. Келіссөздер барысында аталған келісім аясында түрлі бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету және кеңейту туралы келісімдерге қол жеткізілді.