Қытайдағы Тарбағатай жерінде Ұлыс күніне арналған концерт өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚХР Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің Дөрбілжін ауданында тұратын қандастарымыз Наурыз мерекесіне арнап ауқымды өнер кешін өткізді. Бұл туралы қытайдың kazak.ts.cn (Тәңір тау) сайты хабарлайды.

 
Тарлан Тарбағатайдағы қасиетті Еміл өзенінің жағасына жайғасқан Дөрбілжін ауданы - ұзақ тарихтан бері қазақ ұлтының құтты қонысы, қара ордасы болып келе жатқан, тамыр тартқан ата мекені. Сол берекелі жерде жаңа бір көктемнің самалы есіп, самарқанның көк тасы жібіп, қыс қырынан аман шыққан іргелі ел наурыз мерекесін думанды шарамен қарсы алды.
   

Осы Дөрбілжін ауданының тауық жылғы наурыз мерекесіне арнаған салтанатты өнер кешінің басталу сәтінде Дөрбілжін ауданының әкімі Мақсұтқан Жәмсәпұлы көпшілікті наурыз мерекесімен құттықтады. «Наурыз мерекесі - ұлтымыздың әрі бауырлас ұлттардың дәстүрлі мерекесі. Жыл басы, көктем мерекесі, туыс-туған, жора-жолдастар бас қосып, берекелі дастархан басына жилып, береке-бірліктің тұғырын бекемдей түсетін, жаңа тірліктің басталған күні. Наурыз мерекесі бірлікті, татулықты дәріптейтін ұлтымыздың дәстүрлі мерекесі», - деп атап өтті.
 

Мерекелік концерт аудандық өнер ұжымы дайындаған «Наурыз келді» топтық биімен басталды. Кеш барысында халық әндері, қазақтың көне сақ-түркіден келе жатқан күркіреме-көмей әуені әуелеп, балдырған бишілердің «Қамшы» биі,  көрермендерді күлкіге бөлеген әзіл, құлақ құрышын қандыратын күмбірлі күйлер орындалды.  Осылайша наурыз мерекесіне арналған думанды өнер тойы өз салтанатымен жарасым тауып, халыққа мерекелік көңіл күй сыйлаған кеш болды.