АСТАНА. ҚазАқпарат – Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан ХХХІ Жазғы универсиадада Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Sports.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, дзюдошы Сұңғат Жұбатқан үздік үштікке ілікті.
Сұңғат қола жүлде үшін белдесуде өзбекстандық Абдурахим Нутфуллоевты ұтты.
Жарыс барысында С.Жұбатқан мажарстандық, түрікменстандық және әзербайжандық дзюдошыларды қапы қалдырды. Тек жартылай финалда жапониялық спортшыға жол берді.
Универсиада 28 шілде – 8 тамыз аралығында өтеді. Онда 10 спорт түрі бойынша 90 қазақстандық сынға түседі.
Бұдан бұрын Жазғы универсиада тарихында Қазақстан спортшылары қалай өнер көрсеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).