«Жаңа дәуір - жаңа медиа» тақырыбымен өткен шағын форумды Шынжаң телерадио торабы (Қазақстандық iD TV - цифрлік телевидениесінің қытайлық нұсқасы) ЖШС қазақ бөлімінің «Бауырсақ медиа» жобасы мен Елжау мәдениет және коммуникация ЖШС (Шанхай) бірлесіп ұйымдастырды.
Форумға «Куәбол» ЖШС директоры Ықылас Оразбайұлы, «Жас Қыран» ЖШС директоры Арыстанбек Нұқанұлы және Қытай Орталық телевизиясының Шыңжаңдағы тұрақты тілшісі Сенім қатысып, жастарға қазақ тілді ақпарат саласының дамуы, болашағы және нарыққа бағытталуы жөнінде пікірлерімен бөлісті.
Шараға Үрімжі қаласында білім алып жатқан қазақ студенттері және әр салада еңбек етіп жүрген қазақ жастары қатысты.
Қытайдың әр жерінде білім іздеп жүрген қазақ жастарына, сондай-ақ, өзге ұлттарға қазақ мәдениетін, тарихын және дәстүрін насихаттап жүрген Елжау мәдениет және коммуникация ЖШС директоры Ернұр Жұмағалиұлы бұл шараны Қытайдың Бейжің, Шанхай және Гуанчжоу секілді өзге де қалаларында өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, 20 мың сағаттық қазақ тіліндегі кино қоры бар «Bawrsak tv» ұлттық қосымшасын пайдаланушылар саны бұл күнде миллионнан асқан. Оған қазақша телеарна бағдарламалары, қазақ тіліне аударылып дубляж жасалған шетелдік кинофильмдер мен сериалдар, сондай-ақ, «Қазақстан жұлдыздары» айдарымен ақындар айтысы видеолары жүктелген.