Қытайдан Астанаға жаяу жеткен марафоншыны елорда жұрты күтіп алды

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай Халық Республикасынан Қазақстан астанасына жаяу жеткен марафоншы Есбол Асқарұлын елорда жұрты ыстық ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есбол Асқарұлы 2023 жылдың 1 мамыр күні өзінің туған жері Шыңжаңның Манас ауданынан атажұртқа бет алып, Астанаға дейін жаяу марафонын бастаған еді. Марафоншы 3 мың шақырымнан астам жолды артта қалдырып, бүгін Астанаға келіп жетті.


«Мен – әлемге тарыдай шашылған қаракөз қазақтың бір ұлымын. 2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайға барған сапарында телеарнадан сұхбатын көрдім. Ол кісінің қазақ тілінде айтқан қандастар туралы сөзі мені қатты тебірентті. Сол кезде мен осы сапарды армандаған едім. Бүгін міне арманым ақиқатқа айналып отыр. Өз жоспарымнан 3 күн бұрын жеттім. Міне, Астана топырағын басып тұрмын, ерекше тебіреністемін. Қиындықтың бәрі артта қалды. Батыр бабаларымыз қалдырған ұлан-байтақ жерді табаныммен басып келдім. Қазағымның ғажайып табиғатын көрдім. «Алыстан бір ұлымыз елін аңсап келе жатыр» деп мені қарсы алып жатқан баршаңызға, ақ жаулықты аналарға, Астана қаласы әкімдігіне алғысымды айтамын»,- дейді Есбол Асқарұлы.

Ол өзінің алдағы жоспары туралы да айтып өтті.


«Сапардағы басты мақсатым – екі елдің достығын насихаттап, Астанаға алыстағы қандастардың ақ сәлемін жеткізу еді, сол үшін де Астананың мерейтойына орай жетуді мақсат еткенмін. Бұл сапарым менің жалынды жастық шағымның ұмытылмас бір белесі болып қалады деп ойлаймын. Алдағы жоспарым осы елде қалып, қазақ елі үшін азаматтық үлесімді қосқым келеді», - деді Есбол Асқарұлы.


Есболға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің алғыс хаты табысталды. «Болат тұяқ» Қоғамдық бірлесігінің орынбасары Нұбәрәк Нұрдаулет Есболға жерлестері атынан ат мінгізіп, шапан жапты.

Есбол Асқарұлы 1997 жылы 1 мамыр күні Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Санжы аймағы Манас ауданында туған. Ата-анасы ерте қайтыс болып, нағашы жұртының қолында ержетіпті.


Бұған дейін марафоншы Есбол Асқарұлы Астанаға жақындап қалғаны туралы жазған едік.