Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ресей Федерациясына ресми сапармен келді. Қанат Саудабаев ресейлік министрмен кездесу барысында екі ел арасындағы әріптестік мәселелерін сөз етті. Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Тату көршілердің сындарлы әріптестігі» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын» газетінің бүгінгі санынан да оқуға болады.
Жаһан жырының жарық жұлдызы Ли Боның талайлы тағдыры ежелгі қазақ жерімен тамырлас екенін айтатын газет мақаласының келтірген уәждері Қытай елінде өткен ғасырдың 60 - шы жылдарында талас арқауы ретінде көтерілген оны ақыры «ортаазиялық түрік әулетінен» деген тиянақ жасалғанын сол елдегі қазақ қаламгері растап отырғаны кім-кімнің де көңілін бір көтеріп тастайтыны сөзсіз. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Кім қанға қызбайды?» деген тақырыппен берілген мақалада Қытай мәдениетіндегі бізге қатысты басқа да қызықты жайлар қамтылыпты.
***
Келер жылы Қазақстан мен қос славян елі арасында күшіне мінетін Кеден одағы елімізге қымбатшылық әкелмек», - деп жазды «Айқын» газетінің бүгінгі саны. Бұл жайында толығырақ білгіңіз келсе «Кеден одағы елімізге қымбатшылық әкеле ме?» деген сауалға құрылған мақалаға көз жүгіртіңіз.
«Қазір қыз біткен қай жерден ұзатылады? Әрине, тойхана, мейрамхана, кафелерден кетеді. Артында көңілі босаған ата-ана, қимас ағайын көз жастарын сығып, үрпиісіп қала береді. Талай тойдан кейінгі көрініс бұл. Осы үрдіс бізге қайдан келді?» -деп жазған аталмыш басылымдағы келесі мақала «Қазақ қызын қалай ұзатады?» деген тақырыппен ертеден қаймағы бұзылмаған салт-дәстүріміздің бүгінгі көңілге ой салар келеңсіздіктеріне назар аударыпты.
Арнайы тапсырыспен жасалған «Қазақ елінің» төрінен орын алуға тиіс Керей мен Жәнібек хандардың бейнелері жасалған ескерткіштың керексіз болып қалғандығын бәріміз білеміз. «Айқын» газетінің «Руханият» бетінен орын алған «Асыққан сайтанның ісі» тақырыбындағы мақалаосы жетілмеген жобадан шыққан шудың жай-жапсарымен таныстырыпты.
***
Қазақстандық кәсіпкерліктің жай-күйі, даму деңгейі - алда тұрған міндеттер. Осы және өзге де толғақты мәселелер қараша айының 20-сында Алматы қаласында өтетін алқалы құрылтайда талқыланады. «Алтын орда» апталығында жарық көрген «Отандық бизнес: философия қалыптастырмайынша, іс өнбейді» тақырыбымен берілген сұхбат «Бәсекеге қабілеттілік ықпал ететін факторлар» атты халықаралық шараның маңызына тоқталыпты.
Сондай -ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында жарық көрген профессор Құлбек Ергөбектің «Ақиық ақын, жауһар жыр» деген тақырыптағы мақаласы ақын Әбділда Тәжібайұлына арналыпты.
«Қытайдан - қант, өзбектен - өрік, қырғыздан - камзол сонда, өз өнімің қайда, қазақ?» Осылай қызық та қасіретті сауалға құрылған«Алтын орда» апталығындағы келесі мақала отандық өнім өндірісі мен кәсіпорындарды қолдау мәселесіне назар аударыпты.
«Қарашаның 27-сіне үш елдің мемлекет басшыларының бірыңғай кедендік кодекске қол қоюы жоспарлануда. Ал парламенттердегі ратификациялаудан кейін ол 2010 жылдың шілде айының 1-інен күшіне енбек» деп жазады кедендік одақ тақырыбын қозғаған «Казахстанская правда» газеті.
Бұл тақырыпты«Экспресс К», «Литер»газеттері де жалғастырған.
«Экспресс К» газеті сондай-ақ Саяси шешімдер институты қарашада жүргізген статистикалық зерттеулер қазақстандықтардың көңіл-күйінде бір жыл бұрынғыға қарағанда оң өзгерістер болғанын анықтады деп жазады бүгінгі нөмірінде.
Шылым шегуге арналған арнайы орындарда әр шылым шегуші үшін қарастырылған орын 4 шаршы метр болуы тиіс. Осы мәселеге назар аударған «Литер» басылымы дәмханалар мен мейрамханалар үшін шылым шегушілерге арналған бөлмелер қымбатқа түсетінін жазады. Газеттің келтірген мәліметтеріне қарағанда, мемлекеттік санитарлық қадағалау ережелеріне сәйкес, әр адамға төрт шаршы метрге қоса, отқа төзімді материалдар, жеке күлсалғыштар мен ауа сорғыштар қажет көрінеді.