Қытайдан келген қандастарымыз «Eр Жәнібек кубогі» бәсекесінің бас жүлдесін жеңіп алды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 21-22 мамыр күндері Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Зуқа батыр Cәбитұлының 150 жылдығына aрналған «Eр Жәнібек кубогі» үшін шағын футболдан халықаралық турнир өтті.

Футзал жарысына Франция, Түркия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде тұратын қазақ жастарынан құралған командалар, сондай-ақ, Алматы, Астана қалаларынан, еліміздің 5 облысынан жасақталған футбол командалары бақ сынады. Турнирде жалпы саны 21 команда өнер көрсетті.

Бұл сайысқа Қытайдағы қандастарымыздан бес команда келді. Олардың бірі - «Мұзтау» командасы бас жүлдені еншілеп қайтты.

Екінші орынды алматылық «Бірлік керуен» командасы иеленді. Ал үздік үштікті Ресейден келген қандастарымыздың «Намыс» командасы жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетейік, жарыс «Eр Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Шағын футболдан өткен халықаралық турнирдің басты мақсаты - ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өту, қазақ жастарын рухты болуға, отансүйгіштікке, спортқа баулу.

Күнсұлтан Отарбай